Halyq Uni логотип
×

Әлеуметтік қолдау: Саяси қуғын-сүргін құрбандарына 16 млрд теңгеден астам қаржы төленді

Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

 Қымбат Елтайқызы 31.05.2022 | 10:30
Әлеуметтік қолдау: Саяси қуғын-сүргін құрбандарына 16 млрд теңгеден астам қаржы төленді
коллаж: Halyq Uni

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына әлеуметтік қолдау түрінде 16 млрд теңгеден астам қаржы төленді, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

«31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 2003 жылдан бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 16,1 млрд теңге төленді. Биыл бұл мақсатқа 1,3 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған», – дейді министрлік.

1921-1954 жылдар аралығындағы кезеңде «халық жауларын» анықтау саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды. Олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы - ату жазасына кесілді. Миллиондаған қазақстандық 1932-33 жылдары ашаршылық құрбаны болды.

Республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 млн-нан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұл саннан едәуір көп.

1930-1940 жылдары Қазақстан миллиондаған кеңес азаматы үшін депортация орны болды. 1937 жылдың күзінде республикаға жүздеген мың кәрістер, түріктер, ирандықтар, күрдтер мен әзірбайжандар қоныс аударды. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында елге немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылды. Олардың саны 1 миллион 200 мың шамасында.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.

2003-2021 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері - 2 385 теңге мен (3/4 АЕК) 318 000 теңге (100 АЕК) аралығында. 2022 жылға республикалық бюджетте аталған мақсаттарға 2,1 млн теңге қарастырылған, - деді ЕХӘҚМ әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов.

Бұдан басқа саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдарға әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлеріне қарамастан 1,07 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2022 жылы - 3 403 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

«2005 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2022 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,3 млрд теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, 29 648 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды», - деді Ниязов.

Ақталған азаматтар, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдардың бірінші кезекте:

  • бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекемендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының үш есе мөлшерде зейнетақы өтіліне есептелуі;
  • оларға ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;
  • телефондарды бірінші кезекте орнату;
  • Қазақстан заңнамасына сәйкес, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналасу, оларда толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұру;
  • протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз етілу;
  • оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алу құқығы бар.

Бұдан басқа жергілікті атқарушы органдар жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және Қазақстан заңнамасына сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджеттер есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.

Жыл сайын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді. 2022 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 8 232 азаматқа 3 278 теңгеден 47 700 теңгеге дейінгі мөлшерде 182 млн теңге сомасында біржолғы материалдық көмек көрсетіледі, – дейді ведомство.

Бүгін Тоқаев қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына арнап құран оқытты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама