×

Тоқаев қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына арнап құран оқытты

Президент Хазірет Сұлтан мешітіне барды

 Қымбат Елтайқызы 31.05.2022 | 10:00
фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Хазірет Сұлтан мешітіне барып, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына арнап құран оқытты, деп хабарлайды Ақорда.

«Мемлекет басшысы елордадағы «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Тоқаев ескерткішке гүл шоғын қойып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық кезінде құрбан болғандардың рухына тағзым етті. Осы іс-шараға нәубет жылдары зардап шеккен отандастарымыздың жақындары мен туыстары қатысты», – дейді президенттің баспасөз қызметі.

Бүгін - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады.

1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.

Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террор» орасан зор қасірет әкелді. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 

100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды.  

Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар.  

Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагерінде («АЛЖИР») саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалды.  

Әдетте бүгін халық ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандар, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске алады. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама