×

Қостанайда ет өңдейтін кәсіпорын директоры қылмыстық топ құрған

Қылмыскерлер мемлекетке 3 млрд теңгеден астам шығын келтірген

 Динара Амантай 07.03.2024 | 11:56
Фото: видеодан скриншот

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті BEEF EXPORT GROUP ЖШС ет өңдеу кәсіпорны директорының басшылығымен құрылған топқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Агенттіктің мәлметінше, аталған адамдар тобы ұзақ уақыт бойы «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде мемлекет субсидия ретінде бөлген бюджет қаражатын ұрлаумен айналысып, мемлекетке 3 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілерден 107 млн теңге өтеліп, 3,1 млрд теңгенің мүлкі бұғатталды.

Қылмыстық схемаға 49 адам тартылған. Олардың 13-і – ұйымдасқан топтың мүшелері. Оларға субсидияларды жымқыру, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік қызмет, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, лауазымды тұлғаларға пара беру және құжаттарды қолдан жасау күдігімен айып тағылып отыр.

Ұйымдасқан топтың басшысы өзінің бақылауындағы компанияның қызметіне салықтық тексеру жүргізген мемлекеттік қызметкерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін қолданды деген күдікке ілінді.

Сондай-ақ Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының 30 шаруа қожалықтарының басшылары мен өкілдері іс бойынша күдікті деп танылды. Бұдан басқа, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде «Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ-нің 3 лауазымды тұлғасына ақша қаражатын ұрлауға және пара алуға жәрдемдесті деген айып тағылып отыр. Бұған қоса, 7 ветеринарлық дәрігерге құжаттарды қолдан жасағаны, ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізгені, сондай-ақ заңсыз сыйақылар алғаны үшін айып тағылды.

Қазір қылмыстық іс материалдарымен танысу жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама