×

Әлеуметтік орталықтың директоры қарттарға тиесілі зейнетақыны жымқырған

Ол 44 млн теңгеден астам шығынды толығымен өтеді

 Динара Амантай 19.02.2024 | 12:54
Фото: Halyq Uni

«Ұлытау облысы бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» ҚММ-ның бұрынғы директорына 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті 29 еңбекке жарамсыз және күтімді қажет ететін қарттардың (І және ІІ топтағы мүгедектер) 32 млн теңге көлеміндегі зейнетақылары мен жәрдемақыларын жымқыру фактісін тергеді. Сонымен қатар, ол 2019 жылғы қаңтардан 2023 жылғы ақпанға дейін қызметтік бабын пайдалана отырып, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға бола тұра, мекеме қызметкерлерінің лауазымды жалған біріктіру туралы бұйрықтар шығарып, оларға 12 млн теңге көлемінде заңсыз ақша аударған, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және сотта әлеуметтік мекеменің экс-басшысы кінәсін мойындап, мемлекетке және қарттарға 44 млн теңгеден астам шығынды толығымен өтеген.

Сот үкімімен кінәлі деп танылып, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте, мемлекеттік органдарда және ведомстволарда лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама