×

Сарапшылар Қазақстандағы жемқорлардың әлеуметтік портретін жасады

Жемқорлық жайлаған сала – полиция қызметі, өңір – Алматы облысы

 Ербол Тұрымбет 24.12.2021 | 16:44
көрнекі фото: халық арасында "жемқорлық ескерткіші" аталып кеткен LRT жобасы

Transparency Kazakhstan сарапшылары Қазақстандағы жемқорлардың әлеуметтік портретін жариялады. Мемлекеттік органдардың ашық дереккөздеріне негізделген сараптамада сот актілері банкіндегі 2019 жыл мен биылғы 11 ай аралығындағы 1524 қылмыстық іс қарастырылған.

Сарапшылар сот шешімі бойынша жемқорлыққа кінәлі деп танылған тұлғаларға қатысты мынадай қорытынды жасаған:

Сотта кінәлі деп тану жағдайлары бойынша өңірлер көшін Алматы облысын, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және БҚО бастап тұр.

Кінәлі деп танылғандардың мамандығы, жұмыс орны мен қызмет саласына келгенде жемқорлыққа шатылатындардың көбі ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері, тіпті әкімдердің өздері де бар. Бұл тізімде Салық комитетітің өкілдері де жүр. Сондай-ақ, әскерилер, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және қылмыстық атқару жүйесінің өкілдері де қылмысқа көп баратындар қатарынан табылды.

Жалпы, халық арасында қылмыстың осы түріне көп ұрынатындар - жалдамалы жұмысшылар, көлік жүргізушілері, жұмыссыздар, кәсіпкерлер мен компания директорлары.

Қоғамдық қор сарапшылары мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлық қылмысынан бөлек, басқа да заңбұзушылықтар мен құқықбұзушылықтарын саралап көріпті. Дегенмен, мұнда да заңбұзушылықтардың 35%-ы сол жемқорлыққа қатысты.

Мемлекеттік қызметкерлер жасайтын заңбұзушылықтар үлесінде жемқорлық деректері 2018 жылға қарағанда 45-49%-дан 34,9-38,4%-ға дейін азайған. Бірақ мұнда да қылмысқа жиі баратындардың біріншісі – ішкі істер қызметкерлері болса, екіншісі – әкімдер. Үшіншісі әскерилер.  

Ал сол жемқорлықтан жапа шегетіндерге келгенде әйелдер жағы жыл сайын үштен бірін құрап отыр екен. 2019 жылы 39 әйел, 2020-да 49, биыл 30 әйел зардабын тартқан. Жапа шегетіндердің жас ерекшелігіне тоқталсақ - жастар мен орта жастағылар. Айталық, 21-29 жастағылар - 27,6% , 30-39 жас аралығындағылар - 43%.

Жемқорлық қылмысын жасайтындардың дені – ерлер (83%). Мұндай қылмыс жасаған басқарушы қызметтегі ерлердің үлесі - 30%.

Жемқорлық деректері бойынша іс жүргізілген заң баптарына келгенде мынаны байқауға болады:

  • Пара беру жағдайларының артуы, қызметтегі әрекетсіздік пен немқұрайлық;
  • Қызметтегі жартылап қарыз алу көлемінің кемуі, қызметтік дәрежесін жымысқы жағдайларға және асыра пайдалану;

Сотқа дейін баратын істердің статистикасын саралай келгенде сотқа дейін-ақ шешіліп қоятынындарының үлесі артқан. Соның арқасында сотқа дейін жеткен істердің өсімі небәрі 10% (20%-дан 30%-ға дейін) болған. Ал жемқорлық істері бойынша сотқа жеткендерінің үлесі соңғы 3 жылда 75-тен 62%-ға дейін кеміген.

Жемқорлық бойынша сотқа жеткен істердің ішінде немқұрайлық дерегімен баратындары 5 есе аз екен. Ал әрекетсіздік пен қызметін асыра пайдалану жағдайлары бойынша сотқа 4 есе кем жетеді. Тек делдалдық жемқорлық дерегі бойынша ғана сотқа жететіндері көбейген. Қазақстанның жалпы шығындарының ішінде жемқорлық жағдайларының үлесі 2019 жылы 5% болған. Ең көбі де осы. Одан кейін - былтыр 2,9% болса, биыл 4,4%.

Елге шығын келтіретін жемқорлық деректерінің ішінде қызметін асыра пайдалану мен немқұрайлық, ал биылдан бастап пара алу белең алған.

Жемқорлықтан ең көп зардап шеккен алдымен мемлекет, сосын жеке тұлғалар және үшіншісі заңды тұлғалар. Соның ішінде мемлекет пен заңды тұлғалар қымбатқа түсе бастаса, халыққа жасалатын қиянат кеміп келеді екен.

Жемқорлық қылмыстары бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында қайтарылған шығын айтарлықтай жоғары. Былтыр 93%-ы орнына қайтарылса, биылғы 11 айда 84-% қайтарылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама