Көкшетауда 300 млн теңгеге жуық қаржыны жымқырған қаржы пирамидасының басшысы тергеліп жатыр
Қазір қылмыстық іс сотта қаралуда
Көкшетауда Chia Tai Tianging қаржы пирамидасы құрылымдық бөлімшесінің басшысы Telegram мессенджері арқылы жарнама таратқан, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті аса ірі мөлшерде ақша тарту мен қаржы пирамидасын жарнамалау фактісін тергеп жатыр.
Көкшетау қаласындағы Chia Tai Tianging қаржы (инвестициялық) пирамидасы құрылымдық бөлімшесі басшысының инвесторларды тартқаны, сол арқылы жаңа салымшыларға тұрақты негізде ешқандай тәуекелсіз, кепілді кірісті уәде еткені, ол үшін заңсыз пайда тапқаны анықталды, – делінген ҚМА хабарламасында.
Заңсыз әрекеттердің салдарынан қаржы пирамидасының айналымына азаматтардың жалпы сомасы 291 млн теңгеден астам ақшасы тартылған.
Қазір қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.