Halyq Uni логотип
×

«Бюджет қаралғанда қарсы шығамын». Аманжан Жамалов депозиттерге 10% өтемақы беру жобасын тағы сынға алды

Депутат депозиттік жинақтарға сыйақы беруді алып тастау керегін бұған дейін де айтқан

 Ербол Тұрымбет 25.05.2022 | 17:50
«Бюджет қаралғанда қарсы шығамын». Аманжан Жамалов депозиттерге 10% өтемақы беру жобасын тағы сынға алды
Аманжан Жамалов, фото: parlam.kz

Үкімет пен Ұлттық банк 24 ақпанда бірлескен мәлімдеме жасап, жеке тұлғалардың депозиттеріне 10% өтемақы төленетінін жариялаған еді.

Ақпан айының басындағы жағдай бойынша, жеке тұлғалардың теңгелей салымы 6,7 трлн теңгені құрайды екен. Сондықтан сыйақы көлемі 700 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Мәжіліс депутатының айтуынша, жоғарыда айтылған 700 млрд теңге – айналып келгенде халықтың өз қалтасынан шығатын бюджет қаражаты.

«Кімнің депозитінде 20 млн, кімде 2 млн теңге барын ешкім айта алмайды. Менің ойымша, соның ішінде 20 млн теңгесі бар адамдар көбірек. Сондықтан, онсыз да кедей емес адамдарға тағы да салықтан түсетін бюджеттен ақша бөліп берейін деп отырмыз. Сол дұрыс па?!», - деді депутат.

Бағдарламаны әзірлеуші - Ұлттық банктің мәлімдеуінше, аталған шара доллардың өсіміне байланысты.

«Доллар қалпына келді. Еркін айналымдағы курс деп, саясат айтып отырған өздері. Доллар түсуі де мүмкін, көтерілуі де мүмкін. Енді көтерілген сайын өтемақысын көтере бере ме? Ал түскенде сол төлемін қайтып ала алмайды. Енді олар (компенсацияны – ред.) айтуын айтты. Ертең бюджет қаралғанда бұл шараға қарсы шығамын», деді Аманжан Жамалов.

Еске салсақ, Аманжан Жамалов бұған дейін де қаржы нарығын тұрақтандыруға бағытталған бағдарламасын сынға алып, депозиттік жинақтарға 10% сыйақы беруді алып тастау керектігін айтқан еді.

Айта кетейік, ақшаны төл валютамызда жинап, сақтап отырған қазақстандықтарға 10 пайыздық қосымша сыйақы беріледі. Өтемақы бюджеттен төленбек. Сыйақы сомасы 20 млн теңгеден аспайтын салымдарға бір рет есептелмек әрі оған табыс салығы салынбайды. Міндетті талап депозиттегі ақша 1 жыл, яғни 2023-тің 24 ақпанына дейін сақталуға тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама