×

Депозиттерге 10% сыйақыны алып тастау керек – Аманжан Жамалов

Депутат бюджет қаражаты көмекке шын мұқтаж жандарға жетпейтінін айтады

 Ербол Тұрымбет 02.03.2022 | 13:15
Аманжан Жамалов, фото: parlam.kz

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Аманжан Жамалов қаржы нарығын тұрақтандыруға бағытталған бағдарламасын сынға алды. Ол депозиттік жинақтарға 10% сыйақы беруді алып тастау керектігін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Депутаттың сөзінше, Ұлттық банк рубльді сылтауратып, девальвация жүргізгісі келеді.

«Қазіргідей мұнай бағасы 100 долларға жетіп тұрғанда, кез келген жағдайға қарамастан, доллар курсы 400-420 теңге аралығында болуға тиіс. Бірақ, неге екенін түсініксіз, біз Ресейдің соңынан еріп, солармен бірге абдырап жүрміз. Қазір қаржы нарығында болып жатқан жайттар негізгі азық түрлерінің бағасын өсіреді. Ол алдымен халықтың тұрмысы нашар бөлігіне тиеді. Ол туралы айтылғанымен, нақты іс жоқ», - деді Аманжан Жамалов.

Депутаттың сөзінше, 1-ақпандағы жағдай бойынша, жеке тұлғалардың теңгелей салымдары 6,7 трлн теңгені құрайды. Сондықтан сыйақы көлемі 700 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

«Меніңше, бұл нашар идея. Іс жүзінде біз банктерде жинағы бар азаматтарды қолдап отырмыз. Демек, бюджет қаражаты мемлекеттік көмекке шын мұқтаж жандарға бармайды деген сөз. Оның үстіне, жинақтар мерзімі осы механизм басталған сәтте 12 айдан кем болмауға тиіс. Теңгенің 15% құлдырауы мен қазіргі тұрақсыздығын ескере келгенде, бұл бір реттік шара азаматтарымыздың шетел валютасын сатып алуын бәрібір тоқтата алмайды», - дейді депутат.

Депутаттың пікірінше, депозиттерге 10% сыйақы беруді тиімсіз шара ретінде алып тастау керек. Ал ол қаржыны халықтың тұрмысы нашар бөлігіне көмекке әрі әлеуметтік төлемдерді инфляция деңгейінде индексациялауға жұмсаған жөн.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама