Halyq Uni логотип
×

Кеншілер 55 жастан бастап арнайы төлем алады: Сенат заңды мақұлдады

Арнайы төлемді 33 мың кенші алады

 Дәурен Ерболат 14.12.2023 | 11:01
Кеншілер 55 жастан бастап арнайы төлем алады: Сенат заңды мақұлдады
Президент кеншілермен және олардың отбасымен кездесті, 2023 жылғы 28 қазан

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат – қоғамдық бірлестіктер құру рәсімдерін жеңілдету және еңбек жағдайы зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру.

Бүгінде уақыт талабымен «Қоғамдық ұйымдар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туындауына байланысты, азаматтарымыздың қоғамдық құқығын одан әрі кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктер беретін нормалар енгізіліп отыр. Бұл қоғамдық бірлестіктерді құруға қажет адамдардың санын 10 адамнан 3 адамға дейін төмендетуді көздейді, - деді сенатор Әсем Рахметова.

Сондай-ақ құжат 55 жасқа толған кеншілерге арнайы төлем төлеуді қарастырады.

«Әлеуметтік және Еңбек кодекстеріне еңбек жағдайы зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнайы әлеуметтік төлем енгізу бойынша түзетулер енгізілді. Бұл төлем еңбек жағдайы зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса, жұмысынан кеткенде немесе басқа жеңіл қызметке ауысқан кезде алады», - деді депутат.

Төлемдер төмендегі талаптар негізінде жасалады:

  • Бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
  • Жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;
  • Сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі. Сондай-ақ бұл азаматтардың 55 және 63 жас аралығында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын алу уақытын өз бетінше айқындау құқығы белгіленеді. Арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүргізіледі.

Сондай-ақ еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі нормалар ұсынылды:

  • Сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақысы сомасының 6% шегінде оңалту шараларына арналған шығыстарды өтеуі;
  • Сақтандыру ұйымдарының зардап шеккен қызметкерді санаторий-курорттық емдеуді 100 АЕК-ке дейінгі (369 200 теңге, 2024 жылы 1 айлық есіптік көрсеткіш 3 692 теңге болады) мөлшерде өтеуі;
  • Жазатайым оқиға салдарынан келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде қызметкердің кінәсін болдырмау.

Сенаторлар аталған заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Бұған дейін кеншілер 55 жастан бастап арнайы төлем алатыны хабарланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, арнайы төлемнің орташа мөлшері 200 мың теңге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама