Кәсіпкерлердің алаңдауына негіз жоқ
Келесі жылдан бастап Қазақстанда бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлады Halyq Unі тілшісі.
Ведомство басшысы елімізде 3 жыл бойы шағын және микробизнесті тексеруге мораторий болғанын еске салды.
«Таза парақтан реттеу» қағидаты сәтті енгізіліп жатыр. 10 мыңнан аса өзекті емес талаптар анықталды. Оның 9 мыңы заңға тәуелді деңгейде алып тасталды. Ал қалғандары Парламенттегi заң жобасы шеңберінде жыл соңына дейін алып тастауға жатады, - деді Әлібек Қуантыров Сенаттағы Үкімет сағатында.
Министр бизнесті тексеру азаяды деп сендірді.
Сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) автоматтандырылады. Ол 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап адамның қатысуынсыз тексерулерді тағайындауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды, - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов кәсіпкерлердің мораторий аяқталады деп алаңдап отырғанын айтқан еді.