Қосымша құн салығының көтерілуі кәсіпкерлерді алаңдатып отыр – депутат

Дәурен Ерболат

Үкімет ҚҚС-тың мөлшерлемесін 16%-ға көтермек

фото: Halyq Uni

Бүгінде кәсіпкерлер қосымша құн салығы (ҚҚС) көтеріледі деп алаңдап отыр. Бұл туралы сенатор Ләззат Рыспекова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Сенатта «Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбы бойынша Үкімет сағаты өтіп жатыр. Жиында Ләззат Рыспекова шағын және орта бизнесте салық саясатының жетілмеуімен байланысты жүйелі мәселе барын атап өтті.  

Бүгінде бұл мәселеге қатысты бизнес-қоғамдастықтан көптеген шағым түсіп жатыр. Біріншіден, бұл – қосымша құн салығына қатысты. Оның мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға көтеру ұсынылып отыр. ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесі кәсіпкерлермен егжей-тегжейлі пысықтауды және талқылауды талап етеді деп санаймыз. Сондай-ақ Үкімет бизнеске салық жүктемесінің өсуіне әкелмейтін балама «ауыр тимейтін» нұсқаларды қарауы керек, - деді депутат.

Оның айтуынша, елімізде ҚҚС-ты қайтару, сондай-ақ салықтар бойынша жоғары жүктемені сақтау және жұмыс берушілерге төленетін әлеуметтік төлемдер (39%) мәселелері де шешім қабылдауды талап етеді. 

«Салық саясатында бизнес пен мемлекет мүддесінің тепе-теңдігі керек», - деді Ләззат Рыспекова.