Халықтың табысын арттыруға 3,7 трлн теңге бөлінеді
1,5 млн жұмысшының табысын арттыру көзделеді
2024 жылы қазақстандықтардың табысын арттыруға 3,7 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенаттың комитет отырысында «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы таныстырылды. Абзал Бейсенбекұлының айутынша, заң еліміздің 2028 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары негізінде әзірленген.
Жалпы 2024 жылға түсімдер 20,4 трлн теңге болады деген болжам бар. Транферттерді есептемегенде, 2024 жылға арналған кірістер – 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80%-ы. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге трансферт тарту жоспарланған. Оның ішінде 1,6 трлн теңге – нысаналы трансферт. Қаражат әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады, - деді қаржы вице-министрі.
Оның айтуынша, 2024 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққанда 2,6% деңгейінде болжанады. 2026 жылға дейін бұл көрсеткіш 2,3%-ға дейін төмендейді деген болжам бар.
Сондай-ақ бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңге болады. Жалпы бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі болады – 40%.
Министрдің орынбасары келесі жылы қазақстандықтарың табысын арттыруға 3,7 трлн теңге көзделетінін атап өтті.
Индекстелген зейнетақы және жәрдемақыны төлеуге 5,4 трлн теңге, отбасыларды қолдауға, бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Осы мақсатқа келесі жылы 93,3 млрд теңге көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әйелдердің зейнет жасы 61 жас деңгейінде сақталып отыр. Бұл 150 мыңнан аса адамды қамтиды және есепті кезеңде 473 млрд теңге қажет.
Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру үшін 2024 жылы 3,7 трлн теңге көзделген. Оның ішінде 1,5 млн-нан аса жұмысшының жалақысын көтеруге бюджеттен 2,5 трлн теңге, өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 100 мың жұмыс орнын ашу үшін 724 млрд теңге, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 100 млрд теңге бөліп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Мемлекеттік және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында жүйелі шараларды іске асыру үшін 378 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат 11 мың жұмыс орнын ашуға бағытталады», - деп түйіндеді сөзін вице-министр.
Айта кетейік, кеше Мәжіліс алдағы үш жылдың республикалық бюджетін қабылдаған еді.