×

БҚО-да ғалымдар ғылыми зерттеуге бөлінген қаржыны жымқырған

Олар жұмыс істемеген

 Дәурен Ерболат 16.10.2023 | 09:19
Фото: Halyq Uni

Жәңгір хан атындағы Аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары ғылыми зерттеуге бөлінген ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы қаражат жымқыру фактісі бойынша Жәңгір хан атындағы Аграрлық-техникалық университетінің ғылыми қызметкерлерінің үстінен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембайдың айтуынша, Ғылым және жоғарғы білім министрлігі аса қауіпті аурулардың таралуы тақырыбында ғылыми зерттеу үшін ЖОО-ға 55 млн теңге бөлген.

Ғылыми жұмыстың нәтижесі халықаралық конференцияларда талқыланып, содан кейін патенттелуі керек болған. Алайда университет ғылыми зерттеу жұмыстарын формальды жүргізген және патент алмаған. Бұған қарамастан атқарылған жұмыстарға жалған акті жасалып, бөлінген қаражат ұрланған, - деп жазылған хабарламада.

Прокуратураның тапсырмасы бойынша қылмыстық істі Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама