Ұлттық қордан балаларға қаражат беруді көздейтін заң жобасы Мәжіліске қайтарылды
Қаражатты жоғары білім алуға және баспана сатып алуға жұмсауға болады
Сенаторлар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутат Бекбол Орынбасаровтың пікірінше, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы өскелең ұрпақ үшін маңызды заң жобасы болын саналады.
«Қазіргі таңда, ресми деректер бойынша елімізде 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны – шамамен 6,7 млн адам. Ұсынылған заңға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында тең бөлу көзделген.
Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдалану ұсынылады. Білім алу бағыты бойынша – қаражатты жоғары оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді.
Тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үйдің жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты пайдалану тек Қазақстан аумағында рұқсат етіледі», - деді сенатор.
Сондай-ақ бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуына мүмкіндік беріледі.
Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар, - деді Бекбол Орынбасаров.
Сенаторлар заңды екінші оқылымда Мәжіліске қайтарды.
Бұған дейін Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков 2024 жылдан бастап Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына аударылып, доллармен сақталатынын айтты. Қаражат доллармен сақталатындықтан, оған инфляция әсер етпейді.