×

СҚО-да білім саласының есепшілері қаржыны өзінің, марқұмдардың атына аударған

Өңір бойынша білім саласы жемқорлықтан алдыңғы үштікке кірген

 Еркеғали Болатұлы 04.08.2023 | 10:51
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі білім беру саласында миллиондаған бюджет қаражаттың ұрланғанын анықтады, деп хабарлады облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі.

Орта және мектепке дейінгі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелері туралы облыстық әкімдіктегі ведомствоаралық комиссияда айтылды.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сергей Перов талдау объектісінің кездейсоқ таңдалмағанын айтты. Өйткені соңғы жылдары білім беру саласында 300-ден астам қылмыстық құқықбұзушылық жасалып, 143 адам сотталған. Білім саласы жемқорлықтан алдыңғы үштікке кірген.

Өңірлік деңгейде негізгі назар жоспарлау мен еңбекақы төлеу қорына аударылды. Онда облыс бюджетінің 80%-ы білім беруге жұмсалады, - деді Сергей Перов.

Оның айтуынша, жаппай жемқорлық жасау жүйелі проблемаға айналып отыр. Мысалы, ағылшын тілі мұғаліміне жалпы сомасы 3 миллион теңгеден астам қосымша ақы негізсіз есептелген, алайда залал өтелген.

Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің есепшісі марқұмдарға «жалақы» аударған. Ал балабақша есепшісі мемлекет қаржысын жеке шотына аударып алған. Келтірілген залал – 90 миллион теңге.

Әрбір факті бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеру жүргізеді. Қорытындысы бойынша тиісті құқықтық баға берілетін болады. Бүгінде жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асатын ұрлық фактілері бойынша екі қылмыстық іс тіркелді, - деп атап өтті Сергей Перов.

Талдау қорытындысы бойынша барлығы 20 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған. Оларды жою үшін 34 ұсыным әзірленді. Оның ішінде 16 ұсыным орталық деңгейге енгізілді және 18 ұсыным жергілікті деңгейде орындалатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама