Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр
БҚО-да қаржы пирамидасын ұйымдастырушы қамауға алынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ведомствоның БҚО бойынша департаменті қаржы пирамидасын басқару фактісі бойынша «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр.
Аталмыш компания өзін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жұртқа жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде берген. Сонымен бірге «Chia Tai Pharmaceutical» азаматтардан ақша алып, кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, қатысушылар арасында қайта бөлген. Келтірілген шығын көлемі бүгінде 769 млн теңгеден асады.
Қазір қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікті ұсталып, сот санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Ескерту: егер сіз және сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасының қызметіне тап болсаңыздар, тұрғылықты жеріңіз бойынша экономикалық тергеу департаментіне хабарласуыңыз қажет. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады.