Ол тұрғын үй сатып алу бойынша жалған бағдарлама жасаған
Астанада «Семейный капитал» қаржы пирамидасын ұйымдастырушы қамауға алынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «Семейный капитал» қаржы пирамидасын құрып, оны басқарған азаматтың заңсыз әрекеті әшкереленді. Ол тұрғын үй сатып алу бойынша жалған бағдарлама жасап, тұтынушылармен келісімшарт жасасқан. Ол бойынша 300 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейінгі инвестиция, 30-дан 60 пайызға дейін артық төлеммен тұрғын үйді алудың күту мерзімі 6 айдан 10 айға дейін көрсетілген. Соның салдарынан азаматтар уәде еткен пәтерлерін ала алмай, салған қаржысы қайтарылмаған.
Осылайша, аталған азамат жұртқа жалпы сомасы 450 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтірген. Ол қамауға алынып, уақытша ұстау абақтысына қамалды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
ҚМА азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады. Егер сіз және сіздің туыстарыңыз жосықсыз кәсіпкерлердің осындай әрекеттеріне тап болсаңыздар, тұрғылықты жеріңіз бойынша ЭТД немесе 1458, 8 (7172) 70 84 79 (ішкі 21384) телефондарына хабарласыңыз.