×

Банкке қарызын 90 күнге кешіктірген азаматтарға несие берілмейді

Қарызды өндірерде заңсыз әрекеттерге барған коллекторлар да әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

 Еркеғали Болатұлы 27.06.2023 | 09:52
фото: ашық дереккөз

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген құжатқа сәйкес, қарызы бар қазақстандықтарға несие беруге тыйым салынбақ. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Әрі қаржы ұйымдары проблемалық несиені коллекторларға бермес бұрын борышкерге жаңа шарт ұсынуы керек. Сондай-ақ проблемалық берешекті реттеуді жүргізбеген тұтынушылардың несиесін коллекторларға сатуға тыйым салуы ықтимал.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген құжатқа сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдарына төлемін 90 күнге кешіктірген тұрғындарға несие беруге тыйым салынбақ. Демек мерзімі өткен борышын өтеу үшін азаматтар қайта қарыз ала алмайды.

Сондай-ақ коллекторлық агенттік қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру жоспарланып отыр. Ол үшін қарыз алушы мен мекеме арасындағы іс-қимыл кезінде коллекторлар қолдана алмайтын әрекеттер тізімі бекітіледі әрі қызметі де оңтайландырылады. Бұл түзетулер тұтынушылардың құқығын қорғауға көмектеседі. Қазір құжат қоғам талқылауына шығарылған.

Бұдан бөлек, мерзімі өткен берешегі бар тұтынушы 1,5 жыл ішінде қарызын реттеуге күш салуы қажет. Болмаса, проблемалық борышы коллекторларға сатылады. Ал коллекторлық агенттіктер алдымен сатып алған берешегін реттеуге міндеттеледі.

Ал қарызды өндірерде заңсыз әрекеттерге барған коллекторлар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл коллекторлық агенттіктердің қызмет көрсету сапасын жақсартады. Әрі берешекті сотқа дейін реттеу институтының рөлін күшейту көзделіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама