Сотқа дейінгі тергеп-тексеру болып жатыр
«Балқаш Жылу» ЖШС-нің лауазым иелері жалпы сомасы 677 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаментінің мәліметінше, аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру болып жатыр. Тергеуде анықталғандай, «Балқаш Жылу» ЖШС-ның бұрынғы басшылығы 2020 жылдың маусымынан 2023 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта Балқаш ЖЭО және Балқаш қаласының жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге және ұстауға арналған 677 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жеке шоттары мен жалған кәсіпорындардың шоттарына жіберу арқылы жымқырған.
Күдіктілер ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Тергеу судьясы 2 ай мерзімге «қамау» шарасын санкциялады.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды.