×

Ералы Тоғжанов туған күніне келген мемлекеттік көліктерді тексеруге тапсырма берген

Бұған дейін әкім туған күнін қымбат мейрамханада атап өткені жарияланған еді

 Ербол Тұрымбет 17.05.2023 | 13:33
Фото: ortcom.kz

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов әлеуметтік желіде тараған туған күнін атап өту жағдайына қатысты тілшілердің сұрағына екіұдай түсініктеме берді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ералы Лұқпанұлы туған күнін отбасындағы қалыптасқан дәстүр бойынша мамырдың 12-сінен 13-іне қараған түні атап өтетінін айтты. 

Отбасымызда солай қалыптасқан. Балаларым да, достарым да үйренген. Мұндай жағдай Маңғыстауда да болды. 2018 жылы 12-сі күні мен Астанада бір шарада болдым. Сол кезде олар менімен бірге білдірмей ұшақпен ұшып келіпті, – дейді әкім. 

Оның сөзінше, мамырдың 13-і өзі үшін жұмыс режимі саналады. Оған мысал ретінде, былтыр осы күні Қарағандыда үлкен сапарда болғанын, ал биыл таң атысымен шалғайдағы Қобда аудадына жол тартқанын келтірді. 

Онда су тасқынына қарсы құрылыс жүріп жатыр. Одан бөлек те «Ауыл аманаты», дамба құрылысы секілді бірқатар жоба бар. Сонымен бірге, балабақшалар, спорттық шараларды қарадым. Сөйтіп, кешкі 8-ге дейін жұмыспен жүрдім, – дейді ол. 

Дегенмен, көліктер бойынша тексеру үшін тиісті орындарға тапсырма бергенін айтты.  

Жұрт туған күнін міндетті түрде бір жерде атап өтеді деп ойлайтын шығар. Ал егер қандай да бір көліктер болған болса, оған қатысты арнайы қызметтер бар. Тиісті тапсырма бердім. Дегенмен маған жеткен мәлімет бойынша сол күні бір де бір мемлекеттік көлік болмады. Болуы да мүмкін емес, – дейді ол.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ералы Тоғжановтың 60 жылдық мерейтойын Ақтөбе қаласындағы қымбат мейрамханаларының бірінде атап өткені туралы жазылған еді. Ондағы жазбада осы шараға шенеуніктердің және туған інісі – БҚО Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоғжановтың да қызметтік көліктерімен келгені айтылған.

Айта кетейік, облыс әкімі өңірдегі жол сапасының төменнен санағанда екінші орында екенін өзі мойындаған еді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама