Биыл Қазақстанда 3 мыңнан астам адам қаржы пирамидасына алданған
Қазір 65 қылмыстық іс қаралып жатыр
Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов биыл 3 мыңнан астам адамның қаржы пирамидасына алданғанын, қазір 65 қылмыстық іс қаралып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, былтыр 31 мың тұрғын жалпы сомасы 54 млрд теңгеге зардап шеккен.
Әділов қаржы пирамидасын негізгі белгілерін атады:
- Адам әкелгені үшін қосымша сыйақы не бонус төлеу;
- Нарықтағы бағадан бірнеше есе жоғары табысқа кепілдік беру;
- Компанияның лицензиясы, қымбат активтері мен жеке мүлкінің болмауы;
- Кіру үшін ақша төлеу не қандай да бір курс, тауарды сатып алуға итермелеу;
- Агрессивті жарнама;
- Ұйым қызметі туралы нақты анықтаманың жоқтығы;
- Тек жеке кездесу кезінде кеңес беру;
- Келісімге ойланбай қол қоюды ұсыну.
Жақында қаржы пирамидасынан жапа шеккен әйел елордада өз-өзін өртеп жіберген болатын. Қаржы пирамидасын жарнамалаған вайнерлерге қатысты тергеу аяқталуға жақын.