Биыл көпбалалы отбасылар 82 млрд теңге жәрдемақы алды
Төлеммен 500 мыңға жуық отбасы қамтылды
Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар 82,2 млрд теңгеге жәрдемақы алды.
2022 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен жалпы сомасы 82,2 млрд теңгеге орта есеппен 493,1 мың отбасы қамтылды. Оның ішінде наурызда 499,3 мың отбасы жалпы сомасы 27,8 млрд теңге жәрдемақы алды, – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 әрі одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
«Төлем мөлшері балалардың санына байланысты сараланып төленеді және 2022 жылы 4 балаға – 49 100 теңгені, 5 балаға – 61 383 теңгені, 6 балаға – 73 666 теңгені, 7 балаға – 85 948 теңгені, 8 балаға – 98 016 теңгені, 9 балаға – 110 268 теңгені, 10 балаға – 122 520 теңгені, 11 балаға – 134 772 теңгені, 12 балаға – 147 024 теңгені, 13 балаға – 159 276 теңгені, 14 балаға – 171 528 теңгені, 15 балаға – 183 780 теңгені, 16 балаға – 196 032 теңгені немесе әр балаға 12 252 теңгені құрайды», – делінген ақпаратта.
Қазақстанда көпбалалы отбасыларға олардың кірістерін есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз әрі көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты шеңберінде енгізілген еді.
Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар 27 млрд теңге жәрдемақы алды. Биыл 500 мыңға жуық отбасы жәрдемақымен қамтылды. Елімізде зейнетақы мен жәрдемақы өседі.