Ұлытауда зейнеткерлердің қаражатын ұрлаумен айналысқан мекеме басшысы қамалды

Халық үні

12 миллион теңгеден астам қаржыны жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

Фото: Halyq Uni

Ұлытау өңіріндегі әлеуметтік мекеме басшысы мекемеде тұратын зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтардың қаражатын ұрлаумен айналысқан. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әлеуметтік мекеменің басшысы мен қызметкерлерінен құралған бір топ тұлғалардың заңсыз әрекетін агенттіктің аумақтық департаменті әшкереледі.

Қазір жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Әлеуметтік мекеме, сондай-ақ сотталушылардың тұрғылықты мекен-жайын тінту кезінде қариялардың 799 000 теңге көлеміндегі зейнетақы төлемдері, оларға тиесілі банк карталары, сондай-ақ аталған тұлғалардың қылмыстық әрекеттерін дәлелдейтін басқа да заттар мен құжаттар тәркіленді.

Толық және жан-жақты тергеуге кедергі келтіру, сондай-ақ қылмыстың ізін жасыру және жою әрекеттеріне байланысты аталған мекеменің басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сот 2 айға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер жарияланбайды.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаменті «Qamqor» жедел алдын алу шарасы аясында Абай қаласында қарттар үйінің қамқорлығындағы 90 адамының қаражатын ұрлау фактісін анықтады. Оның ішінде 30 мүгедек және 60 зейнеткер бар.