Қазақстанда 1,5 млн ауыл тұрғыны медициналық сақтандырумен қамтылмаған
Биыл ауыл халқы кешенді тексеруден өтеді
Бүгінгі таңда елімізде 1,5 млн ауыл тұрғынында медициналық сақтандыру жоқ, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
1,5 млн ауыл халқы медициналық сақтандырумен қамтылмаған. Бұл мәселені шешу үшін қала және ауыл тұрғындары арасындағы медициналық көмекке қол жетімділік теңсіздігін қысқарту мақсаты тұр. Сол үшін биыл ауыл тұрғындарын, оның ішінде бірінші кезекте балаларды кешенді профилактикалық тексеруден өткізу басталады, – деді мәжілістің жалпы отырысында вице-премьер Ералы Тоғжанов.
Оның айтуынша, 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 420 медициналық мекеме салу, ауылдық дәріхана пунктерін құру көзделіп отыр. Ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелерін нақты шешу мақсатында 20 ауданаралық перзентхана, 17 диагностикалық орталық ашылады.
«Кадр тапшылығын азайту мақсатында дәрігерлердің (415 мың теңгеге дейін), орта медицина қызметкерлерінің (208 мың теңгеге дейін) жалақысы көтерілді. 2022 жылы тапшы мамандықтар бойынша гранттар саны 43%-ға ұлғайды әрі медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін сақтандыру көзделіп отыр», - деп толықтырды ол.
Вице-премьер бұл шаралар 2025 жылға қарай ауылдық елді мекендерді консультациялық-диагностикалық көмекпен қамту көлемін 47-ден 100%-ға дейін жеткізетінін атап өтті.
Бұған дейін Тоғжанов елімізде зейнетақы және жәрдемақы өсетінін мәлімдеді.