Қабырғасы жарылған, жертөлесі көгерген: Астанадағы 2 млрд теңге бөлінген мектептің құрылысы жайлы

Ербол Тұрымбет

Президент тапсырмасымен салынған мектептің қазіргі жағдайы осындай

Коллаж: Halyq Uni

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астанадағы «Өндіріс» тұрғын алабындағы №23 орта мектептің құрылысынан бірқатар олқылық тапты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Аталған мектеп сонау 1966 жылы 536 оқушыға арнал салынған. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мектепте болғанда жағдайды көріп, осы ауданда жаңа мектеп салуды тапсырған. Артынша қала басшылығы оның ауқымын кеңейту керек деген тоқтамға келіп, 600 орындық қосымша құрылыс салу туралы шешім қабылдайды. 

Сол ізбен 2020 жылдың шілдесінде Астана қаласы құрылыс басқармасы мен «Базис ДорСтрой» ЖШС арасында құны 2 095 367 536 теңгеге құрылыс келісімшарты жасалады. Құрылыс 2021 жылдың соңына қарай бітуі тиіс болған. Мердігер де құрылысты жобалық-сметалық құжатымен бірге бітіріп беруі тиіс-ті.

Қоғамдық ұйым мәліметінше, солай болған да. Тек құжат жүзінде ғана. Мемлекеттік сатып алу порталында нысан мәртебесі «орындалды» деп тұр. Тіпті, онда балалар сабақ оқып жүр. Алайда, қабылдап алу актісіне әлі қол қойылмаған. 

Сөйтсе, мәселе құрылыстың сапасына тіреліп тұр екен. Себебі нысан құрылыс нормаларына сай келмейді. Қоғамдық бірлестік өкілдері қарап шығып, кемшіліктері жетіп артылатынына көз жеткізген. Айталық, қабырғалары мен төбесі жарылып кеткен, санитарлық-техникалық қондырғысы дұрыс орнатылмаған, жертөлесі сыз тартып, көгерген. Бұл ондағы оқушылардың денсаулығына зиян келтіретіні сөзсіз.

Құрылыс материалдарының сапасына да көңіл толмайды. Құдды бір құрылыс базарындағы ең арзан түрлері қолданылғандай. Кей техникалық құрылғылардың қабылдап алу актісіне сай келмейтіні өз алдына. Мысалы, актіге сәйкес, мердігер әйнек кітап сөресін қоюы тиіс болғанымен, орнында басқа түрі тұр. Мұндай сәйкес келмейтін тұстар көп-ақ, – дейді ұйымның Астана қаласы филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков. 

Одан қалды, жоба бойынша мектеп аумағында жалпы құны 21 млн теңгеге көшет отырғызылу керек болған. Қыруар қаржы бөлінсе де шоғырланып тұрған ағаш түптері көрінбейді.

Жағдайды бұлай қалдыруға болмайтыны түсінікті. Енді онымен прокурорлар айналысқалы жатыр. Тексеріс жүргізу үшін осы мәліметтің бәрі тізіліп, прокуратура органына хат жолданып қойған.