6 мыңдай адамды алдаған қаржы пирамидасын ұйымдастырушы сотталды
Келтірілген шығын көлемі 147 миллион теңгеден асады
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті «LV FORCE» қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша Е. Лишко есімді әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 2018 жылдан бастап Е. Лишко Степногорск қаласының аумағында жеке тұлғалардан түсетін қаражатты қайта бөлу арқылы ақша тартудан кіріс алу мақсатында «LV FORCE» компаниясын ұйымдастыру туралы шешім қабылдап, қаржылық пирамида қызметін ұйымдастырған.
Нәтижесінде осы пирамидаға 5 822 жеке тұлға тартылып, келтірілген шығын көлемінің 147 миллион теңгеден асқаны анықталды.
Сот Е. Лишконы кінәлі деп танып, оған тыйым салынған мүлкі тәркіленіп, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.