Төребаев пен Шерниязовтың ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қалай әрекет еткені айтылды
Іс бойынша 12 сотталушы бар
Алматыда танымал вайнер Мейіржан Төребаев пен Mudarabah Capital компаниясына қатысы бар деген күдікпен ұсталған бірнеше адамға қатысты сот тергеуі басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс бойынша 12 сотталушы бар.
Мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаевтың айтуынша, 2019-2021 жылдары сотталушы Алмас Құрманғалиев Алматы қаласында ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасады.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2019 жылы бастапқыда Astex қаржылық пирамидасы құрылды. Оны Құрманғалиев өзінің туысы Мансұровтың көмегімен баю мақсатында құрған.
«Құрманғалиев қылмыс жоспарын құрып, оған туысы Ержан Мансұровты тартты. Әрі қарай ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Мансұров жеке мүддесі үшін қаржы пирамидасын дамыту бойынша өзінің туысы берген тапсырмаларды орындаған. Мансұров 2019 жылы өз атына Astex ЖШС-ны тіркеген. (...) Құрманғалиев салымшыларға өз салымының жылына уәде етілген (айына 20 пайызға дейін) 240 пайызын төлей алмайтынын біліп, ұйымдасқан қылмыстық топ қызметін жалғастырды және жаңа салымшыларды тартты. Сондай-ақ жаңа салымшылар санын үнемі көбейтіп отыру қажет екенін түсінді», - деді мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев.
Прокурордың айтуынша, қаржы пирамидасын құрушылар тұрғындар арасында сенімділік орнату мақсатында бұл іске танымал адамдарды тарту туралы шешім қабылдаған.
2020 жылдың наурызында бұл іске Руслан Бұрқанов, Андрей Ча, Біржан Жармұхамед, Самат Қасенов, Тимур Рүстемов, Нұрлан Сұлтанбаев, Мейірхан Шерниязов пен Азимжан Саидбаевты тартты.
«Бұл адамдар ұсынылған іс-әрекеттің заңсыз екенін түсініп, қаржы пирамидасына қатысуға келісім берген. Mudarabah Capital ЖШС-ны тіркеп, жарғылық капиталға қатысу үлестерін пропорционалды түрде бөлді. Бұл компания салымшылардың ақшасын тарту құралы ретінде пайдаланылуы қажет болған. Mudarabah Capital мен Astex арасында келісім жасалған соң Mudarabah Capital клиент іздеуге міндетті болды. Astex атынан келісім жасап, келісімнен кейін кеңес беруге және басқа да заңды операцияларды жүзеге асыруға міндеттелді. Бұл келісім Mudarabah Capital-дың Astex-тің құрылымдық бөлімшесі болғанын көрсетеді», - деді прокурор.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сотталушы Руслан Бұрқанов Mudarabah Capital ЖШС директоры болған.
Азимжан Саидбаев пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital ЖШС құрылтайшысы болған. Олар үгіт-насихат жүргізу, әлеуметтік желіде жарнама жасауға жауапты болған. Сондай-ақ құрылтайшылар арасында қаражат бөлуге де қатысты.
«2020 жылдың қыркүйегінде аталған адамдар қаржы пирамидасын танымал ету мақсатында әлеуметтік желіде 1 миллионнан астам жазылушысы бар Мейіржан Төребаевқа сыйақы беруге уәде беріп, бірлескен қылмыстық іс-әрекет жасау үшін жүгінді. Төребаев ұсыныстың заңсыздығын түсініп, пирамида сәтсіз болған жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алатынына сенімді болып, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кіруге келісім беріп кірген. Ол салымшыларға ай сайын уәде етілген пайыз төлеу мүмкін емес екенін түсініп, заңсыз қаржы пирамидасы екенін біліп, жұмыстан кіріс табатынын ойлап, салымшылардың қаражатынан айырылатынын түсініп, өз жұмысын бастады», - деді мемлекеттік айыптаушы.
Осылайша Мейіржан Төребаев компания құрамында жарнама жасау, үгіт-насихат жұмыстарымен айналысқан.
Сондай-ақ Мейіржан Төребаев Mudarabah Capital құрылтайшысы қатарында болған.
Шерниязов пен Төребаев қаржы пирамидасын құрды және ұйымдастырды деген айыппен келіспеді және кінәсін мойындамады.
Айта кетейік, бұған дейін қылмыстық іске байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары Алмас Құрманғалиевке қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі 1 және 2 тармағы («қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету») және 262-бабының 1-бөлігінде («ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу») көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке ілінгені белгілі болды.
Ержан Мансұров, Ерлан Мансұров, Дания Рахимова, Руслан Бұрқанов, Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Тимур Рүстемов, Нұрлан Сұлтанбаев, Самат Қасенов, Андрей Ча, Біржан Жармұхамед қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі 1 және 2 тармағында және 262-бабы 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке ілінген.