×

Тұңғыш президенттің кемшіліктері болса, жас басшылар одан сабақ алуы қажет - Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасыға қатысты ойын ортаға салды

 Халық үні 17.02.2022 | 22:30
фото: Берік Уәлидің ФБ парағы

Мемлекет басшысы QAZAQSTAN телеарнасына қазақша сұхбат берді. Бұл жолы сұхбатты танымал тележүргізуші Жайна Сламбек алды.

Ол қасіретті қаңтар оқиғасының себеп-салдары мен алдағы уақытта жүзеге асатын саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиялық серіктестерімен қарым-қатынастарына, қабылдаған шешімдеріне қатысты сауалдарға жауап қатты.

Әңгіме барысында «Кемел» фильмі жайында сұралды. Бұған дейін әлеуметтік желіде Президенттің кітабы негізінде оның әкесі туралы кино түсірілетіндігі жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат тараған. Кейін жобаның авторы, әрі сценарисі, Nar Media Group компаниясының басшысы Нартай Өтеген өз еркімен және жеке қаржысына түсіретінін мәлімдеді. Енді міне Тоқаев ешкімге кино түсіруге тапсырма бермегінін де айтты.

Менің кітабымдағы оқиғалардың негізінде кино түсіргелі жатқанын оқыдым. Бұл туралы ешкімге ешқандай тапсырма берген жоқпын. Бермеймін де. Мұндайды қаламаймын. Бірақ, өзім жазған «Әке туралы ой-толғау» кітабынан бас тартпаймын. Мазмұнды туынды деп есептеймін. Себебі жастарға да пайдалы дүние. Бұл – менің әке-шеше алдындағы перзенттік борышым, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «үтік басу» фактілері туралы да атап өтті. Ол әлеуметтік желіде тарған азаптау фактілері туралы пікір білдірді.

«Бұл мәселе туралы жақсы білемін. Кейбір азамат менің атымнан бейнеүндеу жазып, әлеуметтік желіде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар жұмысына да кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар Айман Омарова бар, Жеңіс Тұрмағанбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссия құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Оларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, қақымыз да жоқ», - деді Президент.

Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындамағанын да жеткізді.

Солтүстік аймақтағы жерлерге қатысты Ресеймен ешқандай мәселе жоқ және болмайды. Ресми Кремль де бұл қағидатқа берік, - деді Мемлекет басшысы.

«Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар. Ресей - ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан көршіміздің бірі. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта беруіміз керек. Бұл ең алдымен Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді. Кейбір ресейлік саясаткерлер «Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі» деп айтқан. Бірден кесіп айтайын, бұл орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль бұл уәжді қолдамайды. Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес. Екі ел арасындағы байланыстарға сызат түспеген. Ресей Президенті осындай қағидаттарға адалдығын, беріктігін көрсетті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты ойын ортаға салды.

Әлеуметтік желіде Тұңғыш Президентіміз туралы әртүрлі ой айтылып, жазылып жатыр. Қанша адам болса, сонша пікір болады. Мен Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын. Тарихқа қиянат жасамау керек. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, оларды сабақ ретінде жас басшыларға қалдыру қажет. Сөзсіз, Қаңтар оқиғасы бәрімізге үлкен сабақ болды. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер – соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп, біліп отыр деп ойлаймын, - деді Тоқаев.

Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Ол тарихты жасап жатыр» атты кітап жазғаныма өкінбеймін» деді.

Тоқаев наурыз айындағы Жолдауында саяси реформаларды ұсынатынын бөлісті.

Қазір түбегейлі өзгерістер болады деп айта алмаймын. Алайда біраз өзгеріс болады. Жалпы, кез келген қиындықтың артында үлкен мүмкіндік бар, - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» телеарнасына орыс тілінде сұхбат берген болатын. Ол онда көптеген маңызды мәселе көтерді. Атап айтсақ, Алматыға шабуыл жасаған лаңкестер, Алматы әкімінің ауысуы, азаматтар қауіпсіздігі, бітімгерлік контингент, қазақ жастарын Ресейге техникалық оқуға жіберу, Президент болып қайта сайлану, қаңтар оқиғасы кезінде ескертусіз оқ атуға бұйрық беру, Парламенттегі партиялар, Алматының ресми атауының сақталуы, Қытай, мақтауға көзқарасы мен Назарбаевпен ара қатынасы туралы сөз қозғаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама