×

Тоқаев «Путинге қарыздар болып қалдық» деген пікірге өз ойын айтты

Президенттің айтуынша, Қазақстанның тұрақтылығына Ресей де мүдделі

 Халық үні 17.02.2022 | 20:59
көрнекі фото: 2021 жылдың 21 тамызы, Мәскеу

Қасым-Жомарт Тоқаев QAZAQSTAN телеарнасына қазақша сұхбат беріп жатыр. Бұл жолы сұхбатты танымал тележүргізуші Жайна Сламбек алды.

Мемлекет басшысы қасіретті қаңтар оқиғасының себеп-салдары мен алдағы уақытта жүзеге асатын саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиялық серіктестерімен қарым-қатынастарына, қабылдаған шешімдеріне қатысты сауалдарға жауап беруде.

Ол біріншіден тіл мәселесіне тоқталды.

Осыған дейін көптеген телеарна менен бірнеше рет сұхбат беруді сұраған болатын. Мен олардың ешқайсысына келіскен жоқпын. Бірақ ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты. Соларға тоқтау салу керек болды. Сол сұхбат орыс тілінде жасалды. Жалпы, мемлекет мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз қажет. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан ең алдымен өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз қажет деп ойлаймын, - деді Тоқаев.

Сондай-ақ Президент жастар кадр резерві туралы сөз қозғады.

«Менің бастамам бойынша Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметке тағайындалып жатыр» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұнымен қатар Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасын сөз етті.

Кейбір адамдар қамауда отырғандар жазықсыз деп ойлайды. Бұл елге тағы бір қауіп төндіру, - деді ол.

«Шетелдік әскерилер біздің елде бірде-бір оқ атқан жоқ», - деп қосты Тоқаев.

Президент қаңтар оқиғасы кезінде елімізге ҰҚШҰ әскерін кіргізу туралы шешімді қабылдағанына өкінбейтінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Путинге қарыз болып қалдық» деген бос әңгімені доғару керек деген пікірде.

«Біріншіден ҰҚШҰ контингенті Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес. Бұл ұйымның әскери құрамы оған мүше елдердің бәріне ортақ. Онда Ресейден бөлек, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери бөлімдері бар. Қазақстан осы ұйымның толыққанды мүшесі, ҰҚШҰ-дың негізін қалаушысы. Сондықтан бәрі заңды, қисынды болды. Ресейге келсек, бұл алпауыт ел өзінің геосаяси мүддесін де қорғады. Қазақстан тұрақтылығы Ресейге қажет. Оны дұрыс түсінуіміз керек. Жалпы, біз ешкімге ештеңе де қарыз емеспіз. Қазақстан - егемен мемлекет. Сондықтан саясатымыз да дербес», - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін ол «Хабар» телеарнасына орыс тілінде сұхбат берген болатын. Тоқаев онда көптеген маңызды мәселе көтерді. Атап айтсақ, Алматыға шабуыл жасаған лаңкестер, Алматы әкімінің ауысуы, азаматтар қауіпсіздігі, бітімгерлік контингент, қазақ жастарын Ресейге техникалық оқуға жіберу, Президент болып қайта сайлану, қаңтар оқиғасы кезінде ескертусіз оқ атуға бұйрық беру, Парламенттегі партиялар, Алматының ресми атауының сақталуы, Қытай, мақтауға көзқарасы мен Назарбаевпен ара қатынасы туралы айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама