×

«Көп сөйлемесін!»: Құл-Мұхаммед Ресей думасының депутатын сынға алды

Бұған дейін ол Зюганов, Никонов пен Кеосаянның пікірлеріне жауап берген болатын

 Дастан Жұмабекұлы 23.09.2022 | 15:36
фото: ашық дереккөзден біріктірілген

Жақында Ресей Мемлекеттік думасының депутаты, ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитеттің төрағасы Константин Затулин Қазақстанның тәуелсіздігі  мен егемендігіне қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Ол өз сөзінде еліміздің Ресеймен арадағы саясатына сенімсіздік танытып, алдағы уақытта әлемдегі ең ұзақ құрлық шекарасы бар елдердің қарым-қатынасы қиындап, жағдай ушықса, Қазақстанның тәуелсіздігі қауіпті жағдайда болатынын айтқан еді.

Осыған байланысты көп кешікпей Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед Затулиннің  мәлімдемесіне жауап берді.

Депутат Затулин көзге түспей, ел алдында көрінбей жатса, үнемі екі елдің арасына шоқ салып жүреді. Бұрын да солай болған. Қазір де солай болып жатыр. Менің ойымша, Қазақстанның банктері «Мир» картасына тыйым салып, өте дұрыс істеді.  Неге дейсіздер ғой? Өйткені, біріншіден, біздің елде екінші деңгейлі банктердің бәрі жекеменшік. Олар не істегісі келсе өздері біледі. Егер оларға «Мир» картасымен жұмыс істеу тиімсіз болса, оның қызметін пайдаланбайды. Екіншіден, «Мир» картасының айналасында көп әңгіме болып кетті. Ал ақша дегеніңіз өздеріңіз білетіндей, тыныш жатқан жерді жақсы көреді. Сондықтан ол (Затулин, - ред.) картаға алаңдайтын болса әуелі өздеріне қарап алсын! Өзі сияқтылардың кесірінен Батыс елдерінің санкцияларына ұшыраған Ресейдің банк жүйесіне алаңдасын! Ол бізге «ақыл» айтар алдында алдымен өзінің қара басын ойласын! Санкция тізімінен қалай шығуды ойласын! Ол Қазақстанды екі жүзді етіп көрсеткісі келеді екен. Екі жүзді адам ол – өзі, –  деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен бірге Сенат депутаты ресейлік пропагандисінің Украинадағы жағдай Қазақстанда да болуы мүмкін дегенін еске салды.

Айтпақшы, бұл адам жазда Қазақстанға соқтығысып, бір доқ көрсеткісі келіп еді. Естеріңізде ме? Ол Украинадағы жағдай Қазақстанда да болуы мүмкін екенін ескерткен еді. Қазір біз Украинамен шиеленісте не болып жатқанын көріп отырмыз. Оны Ресейде жарияланған әскерге ішінара жұмылдыру да көрсетті. Сондықтан ол әуелі Қазақстан туралы бір нәрсе айтқысы келсе, санасын ішпей, ойларын жинақтап, не айтатынын жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, сөйлесін! Көп ойланып, аз сөйлесін! Көп сөйлемесін», –  деді ол.

Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед бұған дейін Ресей Коммунистік партиясының төрағасы Геннадий Зюганов, Мемлекеттік думаның тағы бір депутаты Вячеслав Никонов пен пропагандист Тигран Кеосаянның Қазақстан туралы сыни пікіріне жауап берген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама