Әділет вице-министрі медиативтік келісім жасау туралы нақты жауап бере алмады
Кеше Астанадағы Байқоңыр аудандық сотында Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот процесі басталды. Онлайн режимде өткен отырыста сотталушылардың кінәсін мойындап, 12 млрд теңгені қайтарғаны белгілі болды.
Сотта белгілі болғандай, жәбірленуші тараптың бірі – «Казахтелеком» АҚ-ы 12,7 млрд теңге шығын қайтарылғаны себепті, медиативтік келісім жасау туралы өтініш берген. Сот прокурордың пікірін сұраған, ол уақыт сұраған, соған байланысты үзіліс жарияланған.
Белгілі заңгер Абзал Құспан медиативті келісім тек онша ауыр емес және орташа санаттағы істер бойынша жасалуы мүмкін екенін жазды.
«Ақпаратқа сенсек, Сатыбалдыға тағылған айып аса ірі көлемде қаржы ұрлау, яғни ҚР ҚК-ның 189 б., 4 бөлігімен тағылған. Ол ауыр санаттағы істер қатарына жатады. Ал медиативті келісім тек қана онша ауыр емес және орташа санаттағы істер бойынша жасалуы мүмкін.
Бұл 2+2=4 сияқты, қарапайым нәрсе. «Қазақтелекомды» түсінуге болар, бірақ астаналық судья мен прокурорға не жорық? Сонда олар қарапайым процестік заң нормаларын білмей ме? Әлде, «жыланды үш кессеңде, шегірткелік әлі бар» деп, әсіресақтық жасаған түрі ме?», - деп жазды заңгер.
Бүгін Әділет вице-министрі Алма Мұқанова журналистердің сұрағына жауап беріп, қылмыстық іс жүргізуде, азаматтық іс жүргізуде – барлық іс жүргізу түрлерінде медиативті келісім қолдануға болады деген қағида барын айтты. Бірақ қылмыс деңгейі бойынша медиативті келісім бар-жоғын артынан нақтылап анықтап беретінін жеткізді.