×

«Өте қатты тәуелдіміз». Әскери сарапшы Ресеймен байланысты үзу керек екенін айтады

Ішкі жалпы өнімнің 5 пайызын әскерге жұмсау керек

 Айнұр Шошаева 07.09.2022 | 14:38
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстан үкіметі әскери техника мен бөлшектердің экспортын бір жылға тоқтатты. 2023 жылдың тамыз айының соңына дейін елімізден қару-жарақ, әскери техника мен әскери мақсаттағы өнімді шығаруға тыйым салынған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Экономист, әскери сарапшы Аңсағай Молдахметовтің пікірінше, бұл батыс елдерінің санкциясына ілікпеу мақсатында қабылданған шешім. 

«Меніңше, экспортқа тыйым салу туралы шешім санкцияға ілікпеу үшін қабылданған сияқты. Демек, біздің үкімет халқын ойлайды деген сөз. Екінші жағынан, Қазақстан қазіргі жағдайда Ресеймен бір кемеде болғысы келмейді деген месседж жатыр. Егер Ресейдің тарапынан Қазақстанның аумақтық тұтастығына деген алагөздік болмағанда, бәлкім олармен толыққанды одақтас болатын ба едік», – деді сарапшы. 

Оның пікірінше, бүгінгі күні Қазақстанның қорғаныс саласы Ресейге тым тәуелді. Еліміздегі әскери техникалар мен оларға қажетті бөлшектердің басым бөлігі көрші мемлекеттен келеді. 

«Ресейге өте қатты тәуелдіміз. Мәселен біздегі Су-30 истребительдер кеңестік немесе ресейлік. Олар тіпті экспорттық модификация емес, РФ әскеріндегі модификация. Ондағы өзінің немесе бөтен елдің әскерін анықтау жүйесі бір. Яғни, Ресеймен стандарттарымыз бір. Тіпті, ресейлік ұшақтарды қарсылас деп танымайтын болады. Әуе қорғанысы да солай. (Противо-воздушная оборная) С-300, буктер бар, ескі кеңес заманында шығарылған. Біз оларға бөлшектерді де Ресейден аламыз. Жалпы, ҰҚШҰ-да болғандықтан біздің билік өздігінен қорғану мәселесіне көңіл бөлмеді. Сондықтан Ресейге тәуелді болып қалдық. Қазір көршілерімізге «сізден әскери техника немесе бөлшек алмаймыз» деп айтқымыз келсе де, айта алмаймыз», – деп қосты ол. 

Сондықтан сарапшы қорғаныстағы солтүстік көршіге тәуелділіктен арылу үшін өзге мемлекеттердің көмегіне жүгіну қажет деп есептейді. Алайда кез келген мемлекет үшін идеал одақтас болмайтынын еске салды. 

Мысалы, Қытайды алайық. Ол жақсы одақтас бола алмайды. Көрші мемлекетпен одақтас болған бір жағынан жақсы шығар, қажет болғанда көмекке шақыра қоятын. Алайда, екінші жағынан, Ресей сияқты үнемі жеріңе «таласып» отырса, қауіпті. Қытайдың батыспен қырғи-қабақ соғысын көріп отырмыз. Идеал одақтас жоқ. Бәлкім АҚШ болар, бірақ олар бізге көмектесетіндей ол мемлекет үшін қызықтымыз ба? – дейді Молдахметов. 

Сонымен бірге, экономист Ресейге әскери тәуелділіктен арылу жұмысын тым құрығанда 2012 жылы бастау қажет еді деген пікірле. Қазір сала бағытын өзгерту қиын болады әрі Қазақстан бюджетіне қымбатқа түседі. 

«Мәселен, қорғанысқа ресейлік Су-30 емес, шведтік грипен алу керек еді. Әуе қорғанысы жүйесін де басқа елден табуға болар еді. Мәселен, Өзбекстан мен Түрікменстан кезінде біздегі с-300-дың қытайлық баламасын сатып алды. Біз Қытайдан алсақ, біздің әуеміз өзімізге тиесілі болатын еді», – дейді ол. 

Әскери сарапшы еліміздің дәл қазір жаңа әскери одақ іздеу керек деп есептейді. Мысалға түркі мемлекеттерімен ҰҚШҰ-ға балама ұйым құруды ұсынды. 

Қазақстан үшін Ресейге тәуелділіктен арылудың жалғыз жолы – Түркі одағы. Түркі мемлекеттерімен одақ құрып, ҰҚШҰ-ға балама ұйым жасай алады деп ойлаймын. Сол сияқты Түркия Республикасымен жеке әскери одақ құруға болатын еді. Бұл сәл де болса, біздің халықтың қорқынышын сейілтіп, тыныштандыратын еді. «Бір жағдай болса, бауырлас Түркия көмекке» келеді деген сеніп болады. Оның үстіне түріктерде артилерия мен зымыран бар, олар корейлік жүйені локалиазциялай алды. Қазіргі күні түркі мемлекеттерінің арасында толыққанды одақ Түркия мен Әзербайжан арасында бар. Қазақстанның сол одаққа қосылуына болады, – деп толықтырды спикер. 

Оның ойынша, еліміздің қорғанысындағы ресейлік техникаларды түріктің техникаларына алмастыру жағдайды өзгертеді. 

«Мысалы, қазақстандықтар байрақтар туралы жиі айтып жатады. Бірақ ол мәселені айтарлықтай шешпейді. Байрақтар ұшқышсыз сағатына 300 км ұшатын аппарат. Ол әуе қорғанысы жоқ жерде – жаяу әскерге қарсы қолдануға жақсы. Терроршылармен күресуде ыңғайлы, тіпті тиімді болар. Алайда оны кез келген әуе қорғанысы жүйесі қағып түсіре алады. Айта кетейік, түріктерде тағы бір «Қызыл алма» жобасы бар. Аталған ұшқышсыз атқыштардың (истребитель) 50-ін сатып алсақ, тыныш ұйықтауымызға болады», – дейді сарапшы. 

Экономист ел билігінің тәуелсіздік жылдарында қорғаныс қабілетін арттыруға бөлген қаржысына қатысты да пікір білдірді. Оның пікірінше, 30 жыл бойы ІЖӨ-нің 1 пайызға жетер-жетпесі қорғанысқа бағытталып келді. 

«Қателеспесем, қазір қосымша сома бөлініп, 2 пайызға жуықтады. Бұл, әрине, жақсы, бірақ жеткіліксіз. Дерек бойынша бұл қарды тек «Арлан» сияқты БКМ алуға жетеді. Бірақ бұл техника арнайы операция, яғни террористермен күреске арналған. Дәл қазір Ресей бізге соғыс ашуға дайын емес шығар, бірақ іштен жау шығарып, қарсылық ошақтарын үдетуі мүмкін. Бәлкім біздікілер басымдықты сондай операцияларға беретін шығар, алайда кез келген мемлекет толық соғыс жағдайына дайын болу керек екенін естен шығармау керек. Айталық, Әзербайжан кезінде қорғанысына ІЖӨ-нің 5 пайызын бағыттады. Біз 30 жыл бойы 1 пайыздан беріп келдік, бұл аз. Орнын толтыру үшін жыл сайын 5 пайызға жеткізіп отыру қажет», – деп есептейді ол. 

Сарапшы президент қорғаныс саласына көзқарасты түбегейлі өзгерту керек деп есептейді. 

«Қазірден бастап Ресеймен келісімшарттардан бас тарту қажет деп есептеймін. Ескі келісімдерді аяқтап, жаңа шарттарды басқа елдермен жасаған жөн. Ресеймен келісімшарт жасаудан бас тарту үшін ресми себеп табуға болады деп ойлаймын. Мәселен, санкция кезінде жаңа келісім жасамаймыз деген аргумент жеткілікті. Түркия мен Еуропадан әкелуге болады», – деп қорытындылады Аңсағай Молдахметов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама