×

«Мені қылмыстық іске араластырғысы келеді». Танымал вайнер өзіне тағылған айыпқа жауап берді

Мейіржан Төребаев өзіне қатысты «қоғамдық пікір қолдан ұйымдастырылып отыр» деген пікірде

 Айнұр Шошаева 10.02.2022 | 17:30
коллаж: Halyq Uni

Белгілі вайнер Мейіржан Төребаев қаржы пирамидасын құру және оны басқару туралы өзіне қатысты деген айыпқа пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Оның айтуынша, қаржылық пирамиданы құруға және басқаруға оның қатысы жоқ және қылмыстық іс аясында жәбірленуші ретінде танылған.

Салымшы ретінде полицияға арыз жаздым. Мен Mudarabah Capital компаниясын құрған жоқпын және оған қатысқан жоқпын, оны басқармадым. Директор, басқарма төрағасы, аппарат қызметкерлері болды. Мен онда жұмыс істемедім. Менің басқа бизнесім бар. Қаржы саласында ештеңе түсінбеймін. Сондықтан оларға сеніп, алданып қалдым. Барлық зардап шеккен салымшы сияқты мен де ақша салдым, полицияға жүгіндім, әзірге ақшам қайтарылған жоқ, - деді вайнер.

Сондай-ақ, ол Mudarabah Capital компаниясымен байланысын түсіндірді. Айтуынша, 2020 жылғы қыркүйекте ақша салып, төлемін күткен. 

«2020 жылғы қарашада Mudarabah Capital директоры салым сенімді екеніне күмәнданбауым үшін ЖШС қатысушыларына қосылуды ұсынды. Мен одан да көп ақша салуды жоспарлап жүргендіктен, келістім. Мен компанияға тек 2020 жылғы қарашада, ол нарықта белсенді жұмыс істеп тұрған кезде ғана қосылдым. Маған қаржы пирамидасы схемасын ұйымдастырды, құрды немесе басқарды деу әділетсіздік. Бұл мүлдем бос сөз: барлық ақпарат бар, бәрін eGov сайтында тексеруге болады. Менің ойымша, полиция қоғамдық пікірді қолдан жасап отыр. Өйткені полиция мен билікке халықты қолдап белсенді мәлімдеме жасағаным ұнамайды және олар мені қылмыстық іске араластырғысы келеді», – деп қосты ол. 

Бұған қоса, вайнер жарнама үшін жауапқа тартуды қисынсыз деп бағалады.

«Жарнама үшін қылмыстық жауапқа тарту, менің ойымша, популистік көрініс. Онда осы қисынға сай, зорлық-зомбылық көріністеріне түсетін бүкіл әртістерді түрмеге жабу керек пе? Қолданыстағы заңнамада қаржы пирамидасын жарнамалау үшін әкімшілік жауапкершілік бар», – деді Төребаев.

Бұған дейін БАҚ-та «танымал вайнер қаржы пирамидасын құрғаны үшін ұсталды» деген ақпарат тараған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама