Қазақстанға «Ассent» пен «Creta» басқа жолмен келе ме?
Биыл Ресейден елімізге 5 мың 400 жаңа көлік импортталды
Биыл елімізге Ресейден әкелінетін автокөліктердң саны азайды. Ресейдің өзінде де көлік өндірісі 61 пайызға азайды деген дерек бар. Маусым айында солтүстік көршімізде жеңіл көлік өндірісі 90 пайызға дейін азайып, небәрі 13 мың 400 автокөлік құрастырылды.
Ал Қазақстанға негізінен көліктердің көбісі Ресейден келеді. 2019 жылы елге импортталған жеңіл автокөліктің тең жартысы Ресейден келген. Бұған қоса отандық автозауыттарға қажетті бөлшектердің де бірқатары теріскейдегі көршіден тасымалданады. Сарапшылардың айтуынша, Ресейдегі дағдарыс Қазақстанға да әсер етпей қоймайды. Оған мысал ретінде жақында елімізде «Hyundai-дың» «Ассent» және «Creta» үлгілерін шығаруды уақытша тоқтатып тастағанын айтуға болады.
Қазір Ресей нарығында көлік құрастыратын 20 зауыттың тек үшеуі ғана жұмыс істеп тұр. Олар – «Автоваз», «Уаз» бен Қытайдың «Хавал» өндіріс орны. Ал басқа халықаралық брендтер Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына байланысты кетіп қалған. Батыс елдері теріскейдегі көрші мемлекетке санкцияларын салып, оны әбден әлсіретіп жіберді. Соның кесірі біздің нарыққа тікелей әсер етті. Мәселен, биыл қаңтар мен маусым аралығында Ресейден Қазақстанға 5 мың 400 жаңа көлік импортталды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 жарым есе аз.
Былтыр алты айда бұл елден 4 мың 550-ден астам «Тойота» маркалы көлік кірсе, биыл 1700 дей ғана машина келген. «Фольсваген», «Митсубиши» импорты 2 есе азайған. Алты айда «Шкода» бренді мүлде әкелінбепті. Өсім тек «Хавал» маркасында ғана бар, – дейді сарапшылар.
Жалпы, геосаясаттағы ахуалға және санкцияларға байланысты Ресейге шетелден автөбөлшек жеткізу де шектелді. Соның кесірінен жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанда «Hyundai-дың» «Ассent» және «Creta» үлгілерін шығару уақытша тоқтатылды. Енді корейлік компаниямен келіссөз жүргізіп, көліктерді басқа жолмен тасымалдау керек болып тұр.