«Министр заңды білмейді». Белгілі заңгер Аймағамбетовті отставкаға жіберуге болатынын айтты
Ұлына мектеп формасын сатып алып берген Оқу-ағарту министрі сынға ұшырады
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов кеше ұлына мектеп формасын сатып алуға қанша ақша жұмсағанын айтып, бірнеше ақ жейде, шалбар, костюм, галстук алуға шамамен 35 мыңға теңгеге жуық қаражат жұмсағанын жариялады.
Министр осы мәлімдемесінен кейін ұлының мектеп формасына қанша жұмсағанын дәлелмен (түбіртек) көрсетті. Оның жазуынша, мектеп формасын алуға 36 000 теңге жұмсаған. Одан бөлек келесі түбіртекте портплед бағасы 20 000 деп көрсетілген. Өзі жариялаған түбіртекте жалпы сомасы 56 000 теңгедей жұмсаған.
Оқу-ағарту министрінің мәлімдемесін белгілі заңгер Жангелді Сүлейманов сынға алып, көпшіліктен Asia Park сауда-ойын-сауық орталығындағы GLASMAN дүкеніне барып, заттаңбадағы мата құрамын суретке түсіруді сұрады.
Заңгер атап көрсеткендей, Білім және ғылым министрлігінің талабы бойынша, мектеп формасы 100% мақтадан немесе жартылай жүн қосылған матадан тігіледі.
Егер көйлек 100% (мақтадан) болмаса, шалбар мен пиджак жартылй жүн қосылған матадан болып шықпаса, министр отставкаға кетуге тиіс. Біріншіден, министр заңға қайшы мектеп формасын сатып алмауы керек. Екіншіден, мұндай мектеп формасын сатуға тыйым салу үшін шара қолдануы керек, - деп жазды заңгер.
Қазақстанда 100% мақтадан немесе жартылай жүн қосылған матадан тігілмеген мектеп формасының сатылмауы керегін айтқан заңгер, Оқу-ағарту министрінің шара қолдану орнына GLASMAN дүкенін жарнамалап жүргенін ашық айтты.
«Егер кәдімгі матадан тігілген форма қымбат және қолжетімсіз болса, онда міндетті форманы енгізудің қажеті жоқ. Сөз соңында айтарым, министрді қызметінен босата беруге болады, өйткені пиджак жартылай жүн қосылған матадан емес, 35% вискоза және 65% полиэстерден тігілген және ол синтетика», - деп жазды заңгер.
Еске салайық, Жангелді Сүлейманов бұған дейін де Оқу-ағарту министрлігінің «реформасын» сынға алып, бірыңғай мектеп формасы мен оқушылардың демалысын қысқарудан да маңызды мәселелер барын айтқан.