«Абайдың ұрпақтары шашылып қалды». Хакімнің жиеншары Ләйлә Мұхлесқызымен сұқбат

Ая Өміртай

10 тамыз - Қазақстанда Абай күні

10 тамыз қазақтың ұлы ақыны Абайдың туған күніне орай 2020 жылы ресми түрде «Абай күні» деп бекітіліп, бұл дата жыл сайын республика көлемінде тойланып келеді. Осы орайда Абайдың ұлы – Ақылбайдан тараған жиеншары Ләйлә Мұхлесқызы Halyq Uni тілшісіне арнайы сұхбат берді.

Ол – Абай өлеңдерінің ел ішіндегі насихатшысы болған ертегіші Баймағамбеттің тікелей ұрпағы. Ұзақ жыл Семейдегі Абай музейінде қызмет еткен Ләйлә Мұхлесқызы қазір зейнетте, елордада тұрады. Ол Абайдан бергі шежірені тарқата отырып, репрессияға ұшыраған Абай ұрпақтарының бүгінгі жағдайы туралы әңгімелеп берді.

– Абай атамыздың туған күнін атап өту әлдеқашан дәстүр болып бекіп кетті. Бұл күн сіз үшін несімен ерекше?

– Бүгін ерекше күн – Абай күні. Еліміздің әр өңірінде үлкен іс-шаралар өтіп, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып жатыр. Абай өлеңдері, қара сөздері, әндері жатқа орындалып жатыр. Бүгін астанадағы Ұлттық кітапханада «Абай тағылымы» атты әдеби сазды кеш өтті. Елшілер, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар бас қосты. Әсіресе балалар Абай өлеңдерін жатқа айтты. Соған қуанып отырдым. Менің естуімше, Семейдегі Абай музейі де Алматыда ауқымды көрме ұйымдастырыпты.

– Өзіңіз де осы Семейдегі музейде қалтқысыз қызмет еттіңіз. Жидебайға барып тұрасыз ба?

– Барамыз. Биыл да бардық. Әуезовтің Бөрілідегі музей-үйіне барып, тағзым еттік. Абайдың туған жері Қасқабұлаққа барып тағзым еттік. Атамыз Жидебайда соңғы он жылын өткізіп, қара сөздерін жазған. Өзім Семей өңірінде туып-өстім. Семей шаһары, Алаш шаһары дейді. Осы қалада Алаш қозғалысы басталған. Алашорданың мүшелері бас қосқан ғимарат әлі бар. Керемет қала болған. Осы қалада мектеп бітіріп, пединститутта оқыдым. 1997 жылы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» атты көрме аштық. Қаншама архив құжаттарын жинастырдық. Рымғали Нұрғали, Зейнолла Қабдолов, Фариза Оңғарсынова, Сұлтан Оразалин, Нұрлан Оразалин келді. Дәмдес болдық.

– Ал Абай атамызға қандай туыстық жақындығыңыз бар?

– Абайдың он баласы болған. Бәйбішесі Ділдә әжемізден туған тұңғыш баласы Ақылбай 1861 жылы өмірге келеді. Абайдың жас кезі, сонымен Ақылбайды Құнанбай мен Нұрғаным бауырына басады. Ақылбай – Құнанбайдың кенжесі, Құнанбайдың мырзасы болып өскен. Ол әкесі қалыптастырған ақын мектебінің ең алғыр шәкірті болған. Бұл жайында Әуезов: «Оның екеуі Ақылбай, Мағауия – Абайдың өз балалары, екеуі де 1904 жылы Абай өлген жылы қайтқан. Қалған екеуі –  Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың толық мағыналы шәкірттері. Ақылбайды бірінші қояды. Өте дарынды композитор болған. Ақылбайдың атын шығарған «Дағыстан», «Зұлыс», «Жарақ батыр» атты поэмалары бар. «Дағыстанды» оқығанда Абай өте риза болып, «Ақылбай көп сөзді аз сөзге сыйғызатын ойшыл ақын» деген екен. Ал осы Ақылбайдың тұңғышы Әлімқұлдан менің анам Қауаш туады. Ол – Абайдың шөбересі, Ақылбайдың немересі. Ал әкем Абайдың сенімді серігі болған ертегіші Баймағамбеттен тарайды.

– Айтып отырған атаңыз роман-эпопеяда аты аталатын ертегіші, әңгімешілдігімен атағы шыққан Баймағамбет қой.

– Ертегіші Баймағамбет – менің үлкен атам. Абайдың сенімді досы әрі шәкірті болып келеді. Атамыз Абайдың аузынан естігендерін ұмытпай, мүдірмей насихаттап жүрген. Әсіресе Абай өлеңдерін, Дюманың «Үш ноянын» да жатқа білген. Адал кісі болған. Абайға Семейдің кітапханасынан қоржын-қоржын кітап әкеліп беріп, орыс достарынан келетін хаттарын таситын. «Сыр сандығы» деп Әйгерім бекер айтпаса керек. Әуезов атамыз Баймағамбеттің көзін көрген.

«Біздің бағымызға, менің бағыма ертекші Баймағамбет ұзақ өмір сүрді. Жасымда оны көп көрдім, тындадым. Бір ғажабы – Абай аузынан естігендерін ұмытпаған еді. Соның бәрі маған ауадай сіңіп, көңіліме ұйыды» деп жазды ол. Баймағамбет атамыз бүкіл шығысқа әйгілі ертекші, қадірлі қонағы атанған. Сол Баймағамбеттен баласы Салих, одан менің әкем Мұхлес туған. Әкем зиялы кісі еді. Сауатты, білімді. Семейде педтехникумды бітірген соң, 1929 жылы Алматыға институтқа түсті. Облыстық атқарушы комитетте қызмет істеді, мұғалім болды. Шешеміз Қауаш та ескіше сауатты, ұстамды жан еді. Жас кезінде Абайдың әйелдері – Ділдә, Әйгерім, Еркежанды көрді ғой. Сондағы естеліктерді Абай музейінің қорына тапсырды. Үйде Абай атамыздың кітабын құрандай қасиетті көріп өстік. Портреті үнемі үйдің төрінде ілулі болатын. Қанда бар ғой, бір тамшы қаны бар деп мақтанамыз.

– Хакімнің туған күніне қатысты түрлі пікір айтылады. Өзіңіз қай нұсқаны дұрыс деп есептейсіз?

– 10 тамыз ғой. Біз Абайдың туған күні гүл шоғын ескерткішіне қоямыз. 23 тамыз деп Төкен Ибрагимов айтып жүрді ғой. Ол күні де барамыз (күліп). Семейде 1940 жылы Абайдың мемориалдық музейі ашылғанда Абайдың туған күні алғаш тойланды. Директоры белгілі абайтанушы Қайым Мұхамедханов болған. Сонда Мұхтар Әуезов бір фотосуретті музейге ұсынған. Суретте Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай және Абайдың өзі және Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл бар. Сурет 1896 жылы Семей қаласында түсірілген. Абайдың екінші түпнұсқа фотосуреті Алматыда Әуезов музейінде сақтаулы.

– Ал репрессияға ұшыраған Абай ұрпақтарынан кімдерді айтасыз?

– Құнанбайдың, Абайдың ұрпақтары көп қуғын-сүргін көрген. Әрине, олар Кеңес заманына қарсы болды. Малын тартып алды, өздерін жер аударды. Абайдың ұрпақтары шашылып қалды. Қырғызстанға кеткендері де бар. Өйткені ол жақта тамақ бар, жағдайы жақсы еді. Мысалы, Мағауияның немересі Уәсила апамыз – Абайдың жақсы көретін немересі. Ол туғанда Абай шапанына орап, өз бауырына басып өсірді. Абай қайтқанда Уәсилә тәтеміз 13 жаста еді. Сол Уәсила апамыз Қырғызстанға кетті. Кейін Алматыға қайтып келгенде көп көмек берген – Мұхтар Әуезов. Оны театрға да жұмысқа алғызды, тігінші болды. Өте ісмер адам болған. Уәсила көп естелік қалдырды. Бүкіл тобықтының беткеұстар азаматтарын Семейдегі Полковничий аралында атып тастаған. Мысалы, Ақылбайдың баласы Әубәкір сатирик, суырып салма ақын болған. Оны да Абайдың ұрпағы деп жер аударды. Кейін Үржарда қайтыс болды. Мағауияның немерелері Ишағы Жаппарқызымен жақсы араластық. Олар да қайтыс болды.

– Тұрағұлдың жатқан жері туралы айтсаңыз. Ол кісінің тағдыры туралы мәліметтер бар ма?

– Тұрағұл да зиялы кісі, Алашорда мүшесі болды. Тұраш ағамыз да абайтануға үлкен үлес қосты. «Әкем туралы естелік» деген еңбек жазды. Олай деп кеңес берген Мұхтар Омарханұлы еді. Жалпы Тұрағұлдың өмірі қиын болды. 1922 жылдары кәмпескелеуге ұшырады. Одан кейін 1932 жылы жер аударылды. Шымкентте жұрт көзінен тасада, қашып жүрді. Онда да үйде емес, сарайда жатты. Өкінішке қарай, сүйегі Шымкентте зауыттың астында қалды. Бертінде қызы Мәкен апамыз мәрмардан жасалған белгі тақтайша қойды.  

– Ақылбайдан тараған неше ұл бар? Араласып тұрасыздар ма?

– Ақылбайдың Әлімқұл атты баласынан Бағыфұр есімді ұлы болған. Сол Бағыфұрдан Эрнест, Баукен, Айдар атты үш ұл тарайды. Айдардың баласы Данияр қазір Мәскеуде, қызмет істейді. Шешесі қолында, ол да Мәскеуде. Бір қызы Германияда оқиды, екі қызы Кәмила мен Меруерт мектепте оқиды. Әйелі – орыс, Наташа деген. Ал Эрнестің ұлы Айдосты білмеймін, тұқымы бар ма, жоқ па. Қазір Алматыда тұрады. Көп араласпаймын. Айдар қайтыс болғанда бардым. Ол келе алмады, ауырып жатты. Украинада жүріп, украин қызға үйленді деп естідік.

– Жалпы Абай ұрпағы болудың қандай салмағы, қандай жауапкершілігі бар? Сіздерге қандай да бір мүмкіндік берген кездері болды ма?

– Біз көбінде қарапайым жүрдік. Адал еңбек істедік. Әрине, Абайдың тұқымы дегенде әуелі дұрыс сөйлеу керек, дұрыс жүру керек. Мерурет, Олжас, Әсел атты үш балам бар. Астанада тұрады, қызмет істейді.

– Хакім ұрпақтарына мемлекет тарапынан көмек көрсетілді ме, әлде осындай мереке кезінде ғана іздей ме?

– Әуезовтің кезінде Абай ұрпақтарына көп ілтипат көрсетілді. Үй де алып берді. Әуезовтің бастамасымен Абай зейнетақысы тағайындалып, Ишағы тәте, Ақыш тәте, Мәкен тәтелер алды. Қонаев та көмектесті.

– Тәуелсіздіктен кейін ше?

– Біздерге ондай болмады. Қыздан тарасақ та, бойымызда Абайдың бір тамшы қаны бар ғой.

– Жалпы Абай мұрасына мемлекет тарапынан жасалып жатқан іс-шараларға көңіліңіз қаншалықты толады?

– Мен не айтайын, Абай күнімен шектелмей Абайды күнде тойласа да артық болмас. Қазір балалар еркін. Француз, корей, қытай тілінде айтып жатыр. Жатқа біледі. Абай деген қазақ үшін рухани ұстаз. Киелі бұлақ көзі. Абайды оқығанда тазарасың. Абайды оқып, Абайды білу, тану – бүкіл қазақтың перзенттік борышы деп санаймын. 

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен: Ая ӨМІРТАЙ