«Z» & «V»: Өскеменде соғыстың символы бар киімдер сатылып жатыр

Дастан Жұмабекұлы

Ол тыйым салынған белгілері бар футболкаларды көргенін айтады

фото: facebook.com

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскмене қаласындағы «Мир одежды» дүкенінде елімізде «Z» және «V» деген тыйым салынған белгілер бар киімдер сатылған.

Бұл туралы Facebook-те «Тұтынушылар порталы kz» парақшасында Қайрат Қасымов есімді азамат хабарлады. Ол Алматыда халық автокөліктерге жапсырылған «Z» және «V» белгілерімен күресіп жатса, Өскеменде тып-тыныш жерде дүкеннің иесі тыйым салынған белгілері бар футболкаларды саудалап жатқанын айтады.

Менің айтарға сөзім жоқ. Бұл – әріптер ғана емес, бұл - соғыстың символы. Бұл – басқа елге шабуылдың символы. Осыны халық түсіне ме, түсінбей ме?! Сол үшін жауапкершілікке тартылатынын біле ме, білмей ме?!, –  деді ол.

Оның айтуынша, Ресейде «Z» және «V» белгілерін насихаттамаса түрмеге тоғытылады. Ал Мемлекеттік думаның депутаттары балалары Интернетке кіру үшін VPN-ді пайдаланса, олардың ата-аналарын жауапқа тартып, түрмеге қамауды ұсынып отыр.

Көрші елде соғысты насихаттаса, біздің елде оған тыйым салынса неге біз соғыстың символына айналған «Z» және «V» белгілерін рұқсат береміз дейді ол.