×

Назарбаев биліктен 2005 жылы кетуі керек еді – саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам

Өткен 30 жыл Қазақстан тарихы үшін өте қиын кезең болды

 Еркеғали Болатұлы 26.07.2022 | 15:23

Белгілі саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қай кезеңнен бастап Қазақстанды тоқырауға ұшыратқанын алға тартты.

Оның айтуынша, 2010 жылдан кейін Қазақстан 9 жыл қалың ұйқыда жатты. Саяси өзгеріс тек 2019 жылы басталды.

«2010 жылдан кейін аса көп өзгеріс болған жоқ. Себебі Нұрсұлтан Назарбаев тұрақты жүйені салды. 2007-2008 жылдары мұнайдың ақшасы ағып келді. Бәрі байып алды. Үлкен өзгеріс тек 2019 жылы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген кезде. Сол 30 жылғы тоқыраудың арты қаңтар қасіретіне алып келді. Әр адамның өз кезі бар. Билік басқаратын, кететін.

Келген кезі маңызды, бірақ ең маңыздысы – дер кезінде кету. Отырып қалдың ба, бітті, беделің түсе бастайды. Менің ойымша, Нұрсұлтан Назарбаев ары кетсе, 2005 жылы кетуі керек еді. Бірақ одан кейін тағы 14 жыл отырып, баяғы тоқырауға батты да қалды, - дейді Сейдахмет Құттықадам.

Осы орайда ол өткен 30 жылдың Қазақстан тарихы үшін өте қиын кезең болғанын жеткізді. Айтуынша, жаусыз, даусыз, соғыссыз, бай, дайын мемлекет – Қазақстанды басқару үшін көп ақылдың керегі жоқ.

«Назарбаевтың басқарған кезеңі – тарихымызда өте қиын кезең. Нұрсұлтанның алдына дайын елді, даусыз, жаусыз, соғыссыз тарта салдық. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, мәдениеті бар керемет халық. Бәрі дайын. Аса ақыл керек жоқ еді басқару үшін. Жүйеге ғана салған болса, біздің ел керемет дамып кетер еді.

Сол кезде бізге қарағанда Оңтүстік Шығыстағы мемлекеттердің жағдайдары өте қиын болатын. Олар 30 жылда шыңға шықты. Ал біз кері кеттік. Оның бәрі – Назарбаевтың нәтижесі. Сондықтан оның басқарған уақытын дұрыс деп айта алмаймын. Қайта бәрін қиратты.

Мына Еуразия елдерінің басшыларының бәрі антирейтингке кіреді ғой. Оны жазуға уақытым жоқ. Бірақ антирейтинг болса, бірінші орында Нұрсұлтан Назарбаев тұрар еді», - дейді саясаттанушы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама