«Құрылысшы, экономист ретінде қарсымын, LRT-ны сүріп тастау керек» - бұрынғы Мәжіліс депутаты

Наима Нұрәлі

Елордадағы LRT құрылысын аяқтауға 577 миллион доллар қаржы қажет

коллаж: Halyq Uni

«AQ сөйле» жобасының кезекті қонағы - бұрын елорда аудандарында әкім, Мәжіліс депутаты болған, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Сапар Ахметов.

Сапар Ахметов сұқбатында LRT әу бастан шикі жоба болғанын айтып, «жемқорлық ескерткіші» атанып кеткен бағаналарды сүріп тастау әлдеқайда тиімді болатынын жеткізді.

«Кезінде шешім қабылданар алдын ауқымды сараптау жұмыстары жүргізілмеді. Әрине, біраз зерттеулер болды. LRT-ны BRT-ға ауыстыру мәселесі туындады. Жемқорлық мәселесінен болар, қайтадан LRT тұрғызамыз дегені дұрыс болмады. Мен бұл жобаға әу бастан қарсымын. Бірақ менің позициямды сұраған ешкім жоқ. Құрылысшы, экономист ретінде қарсымын», - деді Сапар Ахметов.

Сонымен қатар бұрынғы аудан әкімі аталмыш жобаның кемшін тұстарын тізбектей келе, LRT құрылысын қайта қолға алу елорда бюджетіне ауыр соққы болатынын айтты.

«Миллиардтап қаржы құйғанша бірнеше миллион долларды кетіріп, бағаналарды алып тастаған пайдалы әрі тиімді болады. Кезінде мұнай мен шикізаттан табыс жаңбырша жауып тұрды. Ақша солай бола береді деп ойладық», дейді Сапар Ахметов.