×

«Қазақстан жауап қайтаруға тиіс». Сарапшылар Ресейдің ККҚ жұмысын тоқтатуын елімізге қысым жасау деп бағалайды

Новороссийск сотының шешімін сарапшылар еліміздің инвестициялық климатына жасалған қиянат деп есептейді

 Ербол Тұрымбет 07.07.2022 | 14:48
Сурет: ашық дереккөзден

«КҚК-Р» АҚ қазақстандық мұнайды құбыр жүйесі арқылы штаттық режимде экспорттап жатыр. Новороссийск соты Каспий құбыры концорциумының жұмысын бір айға тоқтатқаны қызу талқыға түскен шақта еліміздің Энергетика министрлігі осындай хабар таратты. Бірақ бәрібір қалыпты жағдайда емес екені түсінікті. Кеше Үкімет осы жағдайға қатысты шұғыл жиын өткізсе, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көлік тасымалы саласын дамыту жайын жауапты министрлерді жиып алып талқылады. Әдеттегідей теміржол мен көлік қатынайтын күрежолдарды дамыту туралы айта келе, теңіз арқылы тасымалдау ісін дамытуға ерекше назар аударып жатыр. Ал осы жағдай туралы сарапшылар не дейді?

МЕРЕКЕ САЙЫН «СЫЙЛЫҚ» ЖАСАЙДЫ

Мұнай сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов осылай есептейді. Өйткені, бізде инвесторлар тек мұнай мен газ өндірісіне ғана келіп жатыр. Басқа ауыл шаруашылығы, ғарыш, жеңілөнеркәсіп сынды салаларда жоқтың қасы. Сондықтан алдағы уақытта инвесторлардың келуіне үлкен нұқсан келтіріп отқанын айтады.  

Олар біздің әр мерекемізге сый тартып отырады. Наурыздың 22-сінде олар ВПУ-1, ВПУ-9, ВПУ-13 сынды Қазақстан мұнайын тасымалдауды тоқтатамыз деді. Ол кезде табиғи кесапат болды деді. Бүгін де елорданың туған күні болып жатқан кезде сыйлап отқан сыйлықтары. Бізге шалажансар жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Осыдан 3-4 ай бұрын экологияға зиян келтірдіңдер деп бізге 1 миллиардқа жуық айыппұл салған еді. Соны 1 ай бұрын толық төлеп біткенбіз. Соның ізі суымай жатып тағы бір ши шығаруы ол кінәмшілдік, дейді сарапшы. 

«РЕСЕЙ АРҚЫЛЫ ҒАНА ӘЛЕМГЕ ШЫҒА АЛАМЫЗ»

Экономист Сапарбай Жобаев мұның бәрі Ресейдің «антисанкция» жүйесінен шығып жатқан дүрбелең екеніне сенімді. Өйткені, еуропалықтар Ресейге санкция салып, мұнайынан бас тартқалы жатыр. Ресей де оларға қарсы әрекетке кірісті. Мұнайын алмайтындықтан, қыста газ бермейтіндерін, одан бөлек, өнеркәсіптеріне де мұнай мен газ сатпайтынын айтып, экономикасын күрделі жағдайға қалдырамыз деген саясатқа көшті.

Сол антисанкцияны еуропалықтар басқа жолмен шешпекші еді. Яғни, АҚШ-тан, Венесуэладан біраз әрекет жасады, кейін Сауд Арабиясы мен Ираннан мұнайды көбірек алып, Ресейді бір шетке шығармақшы. Қазақстанның осы мәселеге араласпағаны дұрыс еді. Өйткені, Ресейсіз ештеңе істей алмаймыз. «Баку-Тбилиси-Джейхан» дейді, Қытайға, Иранға шығу дегенің әшейін қиял-ғажайып ертегілер. Біз Ресей арқылы ғана экономикамызды дамыта аламыз, әлемге шыға аламыз, дейді экономист.

Сарапшының сөзінше, бізде мұнай сатудан түсетін валюталық түсім – 50-60%. Ал бюджетімізде бар болғаны 20-25%. Содан 12 айдың бір айында істемесе, ол болмашы ғана көрсеткіш. Сондықтан оны басқа кезде экспортты арттырып, орнын толтыруға болатынын айтады. 

Бюджетімізге үлкен әсері болмайды. Биылға 18 трлн-дық бюджетіміз бар. Соның 9-10 трлн-ы ғана кәсіпорындардың салығынан түседі. Қалғанын тапшылық деп, Ұлттық қордан, сосын бағалы қағаз шығарып, толтырып отырмыз. Сондықтан ККҚ-дағы жағдайдың әсері 1-2%-ға дейін түсіп кетеді. Ол біз сияқты дамушы ел үшін оншалық білінбейді, дейді Сапарбай Жобаев. 

БҰДАН ДОЛЛАР ӨСІП КЕТПЕЙДІ

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның мұнай өндірісіндегі үлесі 20-25% ғана. Қалғаны шетелдіктер мен Қытайдікі. Біз сол 20% табыстың біраз бөлігін нарыққа сатамыз. Ал мемлекет квазисекторға содан түскен пайдасының үлкен бөлігін сатуды міндеттеді. 

Алдында 80% болса, қазір 50%-ға түсірген шығар. Ол соншалық көп қаражат емес. Біздің валютаны құнын негізінен түсіретіндер шетелдік кәсіпорындар. Олар мұнайды сыртқа сатқаннан кейін валюта түсіреді. Ал салығы мен жұмысшыларының жалақысын теңгемен төлеуі керек. Сондықтан шетелдік компаниялардың өздері доллар сатуға мәжбүр болады. Сайып келгенде доллар бағамына оншалық үлкен әсері болмайды, дейді маман.

ҚАЗАҚСТАН ЖАУАП ҚАЙТАРУҒА ТИІС

Ал саясаттанушы Досым Сәтбаев Қазақстанның осындай жағдайда құр зардабын тартып отыра бермей, қолынан келгенше жауап қату қажеттігін жазды. 

Ресей кезінде Украинаға газға деген тәуелділігін пайдаланып, қысым көрсеткені секілді, сол әдісін бізге де қолданып отыр. Оның үстіне, Қазақстан ЛХР мен ДХР-ларын мойындаудан бас тартты. Одан кейін әлемдегі және Еуропадағы көміртегі нарығын тұрақтандыру үшін Қазақстан өз мүмкіндігін пайдаланатынын да жариялады. Сол үшін Еуроодақты біздің елмен жаңа құрлықаралық көлік бағытын дамытуға шақырды. ККҚ-дағы жағдайдың осылармен бір уақытта болып жатқаны да кездейсоқ нәрсе емес, деген ойын білдірді. 

Оның пікірінше, не болса да Қазақстан осы жағдайда экономиканың дағдарысқа қарсы жеделдетілген үлгісін қалыптастыруы керек. Өйткені, бізді күтіп тұрған одан да басқа тосын жайттар аз емес. 

Мәселен, кезінде «Роснефть» қытайлық «CNPC» компаниясымен 100 млн тонна мұнай саудасына келісімшарт жасасқан еді. Сол мұнай алдағы 10 жылда Қытай зауыттарына Қазақстан аумағы арқылы жетуі тиіс. Осы орайда, егер Ресей бізге қысымын тоқтатпаса, Қазақстан да олардың жанды жерін басып қалу керектігіне үндейді.  

Айта кетейік, 6-шілдеде Ресейдің Новороссийск аудандық соты Каспий құбыр консорциумы экологиялық заңбұзушылықтарға жол берді деп компанияның жұмысын бір айға тоқтату туралы шешім шығарған еді. 

Ал КҚК хабарлауынша, компанияның жұмысын күрт тоқтату кесірінен өндіріс процесі қиындап, реттелмей қалуы, сөйтіп ақыры бұзылуы мүмкін. Себебі, мұнайды тасымалдауға қойылатын талаптар аяқасты және бір уақытта тоқтатуға мүмкіндік бермейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама