Путин Кременчугты бомбалағанын мойындамайтынын айтты

Дастан Жұмабекұлы
Видеодан скриншот

Ресей президенті Владимир Путин Украинаның Кременчуг қаласындағы «Амстор» сауда орталығын Ресей әскерінің бомбаламағынын айтты.

Бұл туралы ол Түркіменстанның Ашхабад қаласында өткен Каспий маңы мемлекеттерінің кезекті саммитінде мәлімдеді.

Ол жерде ешқандай жарылыс та терракт та болған жоқ. Мен осында болдым ғой. Мен білемін. Біздің беспилотниктер бәрін көріп, біліп отыр. Ауыр артиллерия мен техниканың қайда орналасқанын жақсы білеміз. Біз даланы тектен-текке атқыламаймыз. Біздің қарулы күштер барлау қызметінің мәліметтеріне қарап, соңғы шешімді қабылдайды. Украинада Батыстан әкелінген әскери техникалар ангарларда, зауыттарда, базарларда, цехтар мен басқа да жерлерде жасырынған. Оның бәрін біліп отырмыз. Біз ешқандай бейбіт тұрғындар шоғырланған жерлерді, азаматтық нысандарды атқыламаймыз. Мұның ешқандай қажеттілігі жоқ. Қарулы күштеріміз кімнің қайда жүргенін жақсы біледі. Сондықтан олар әуелі бәрін анықтап алған соң ғана ракеталармен алыстан соққы жасайды, - деді ол.

Путин айдай әлемге Ресей әскерінің Кременчугтегі сауда орталығын бомбалағанын мойындамаса да оған сеніп отырған ешкім жоқ. Оның «Россия 24» арнасына шағын сұхбаты шыққан бойда жер-жүзінің ақпарат құралдарында Путиннің мәлімдемесін айыптаған материалдар жарияланып жатыр.

27 маусымда Ресей бомбардировщиктерінің Кременчуг қаласындағы «Амстор» сауда орталығын зымыранмен атқылағанда 25 бейбіт тұрғын қаза тауып, 60 адам түрлі жарақат алған болатын. Бұл бомбалау Еуропа тарихындағы ең ірі террорлық акті болып отыр.

Осы кезге дейін мұндай террорлық шабуыл қарт құрлықтың ешбір елінде ешбір жерінде болған емес. Қолда бар мәліметке қарағанда, бұқаралық ақпарат құралдары Кременчугтегі «Амстор» сауда-ойын сауық орталығына ракета тастаған ресейлік әскерилердің кімдер екенін анықтады. Олар 52-гвардиялық ауыр бомбардировкалық авиация полкында қызмет ететін Ту-22м3 стратегиялық бомбардировщиктері болып шықты. Бұл – Калуга облысындағы Шайково кентінде орналасқан 33310-шы әскери бөлім.