×

«Заманбектің әруағы жібермейді». Журналист қылмыстық істер қайта қаралатынын айтты

Белгілі журналист Асқар Жалдинов «Өзгеше» подкастының қонағы болды

 Ернар Сейтахмет 28.06.2022 | 20:19

Танымал журналист Асқар Жалдинов «Өзгеше» подкастында Қазақстандағы атышулы қылмыстар туралы «Вне протокола» кітабындағы деректерге тоқталып, қаңтар оқиғасынан кейін тәуелсіз Қазақстан тарихындағы көптеген қылмыстық істер қайта қаралу керектігін айтты. Себебі қоғам мен ішкі істер органдары шындыққа көз жеткізуі керек. Сол істердің қатарында – Заманбек Нұрқаділов пен Еркін Тәтішевтің өлімі де бар.

«Қаңтар оқиғасынан кейін көптеген істің бұрын айтылмаған жақтары ашылып, қайта қаралып жатыр. Бұл жалпы қоғамның заңды талабы және оның орындалатын сәттері болуы керек. Неліктен соңғы кезде Заманбек Нұрқаділовтің ісі туралы айтылып келеді? Мен журналист ретінде бұл іс туралы біраз мақала жазған едім. Оның Назарбаевты ашық сынаған брифингінде мен де болдым. Толық видеосы бізде ғана бар, «Алматы» телеарнасының архивінде сақталған. Қазіргі заманның талабы осындай болады. Талай істің арты ашылады. Себебі Тәтішевтің де, Нұрқаділовтің де «руғы жібермейді. Марқұмдардың жан тыныштығы үшін оларды кім өлтіргенін анықтау керек...», - дейді журналист.

2005 жылдың 12 қарашасында Заманбек Нұрқаділов өз үйінде өлі күйінде табылды. Екі оқ марқұмның кеудесіне тиген, біреуі басына тиген. Болған оқиғаның ресми нұсқасы бойынша өз-өзіне қол жұмсаған деп танылды. Марқұмның денесі Алматыдағы «Кеңсай» зиратына жерленді.

Еске салайық, мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің (марқұм) ұлы әкесінің өз-өзін атып өлтіргеніне сенбейтінін айтып, Бас прокуратураға істі қайта қарауға арыз жазған.

Қайраттың айтуынша, Заманбек Нұрқаділов қайтыс болғанда Алматы қалалық полиция департаменті іс қозғап, оны «Әкең өз-өзін атып өлтірді» дегенге мәжбүрлеп келістірмек болған.

Әкесі қайтыс болған кезде Қайрат Нұрқаділовтің үлкен қызы 14 жаста, кішісі 3 жаста болған. Ол әкеден жалғыз ұл болғаннан кейін қорқып, полицияға амалсыз «келісімін» берген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама