Halyq Uni логотип
×

Шымкент әкімі мегаполисте жемқорлыққа жол беретін қызметкерлер азаймағанын айтты

Сыздықбеков әртүрлі салада заңсыз әрекет болып жатқанын айтып өтті

 Дәурен Ерболат 22.11.2024 | 16:23
Шымкент әкімі мегаполисте жемқорлыққа жол беретін қызметкерлер азаймағанын айтты
Фото: ОКҚ

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков заңсыз жолмен табыс тапқысы келетін әкімдік қызметкерлері барын, олардың саны азаймағанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте журналист әкімнен «Сіз мегаполиске басшы болып келгелі жемқорлыққа қарсы күресті қарқынды жүргіздіңіз. Қазір осындай деректер азайды ма? Қандай нәтижемен мақтана аласыз?» деп сұрады.

Ғабит Сыздықбеков қалада жемқорлық дерегі азаймағанын айтты.

Әкім болып келген соң әкімдіктегі әріптестеріме, бизнестегі барлық кәсіпкерге «Енді ондай жағдай болмайды» деп өз позициямды ашық айтып, ескерттім. Өкінішке қарай, осыған қарамастан жанымызда жүріп, заңсыз табыс табу үшін түрлі әрекетке барған қызметкерлер болды. Олар заң бойынша жазасын алғанын жақсы білесіздер. Шынын айтқанда, қазір бізде (мұндай деректер – автор) толықтай азайды деп айта алмаймын. Өйткені, әртүрлі салада заңсыз әрекет болып жатқанын естимін, - деді ол.

Қала әкімі бұл қылмысқа қарсы күресетін арнайы органдар барын атап өтті.

Олар өз жұмысын істеп жатыр. Біз «Таза, адал жолмен жұмыс істейміз» деген позицияны ұстанамыз, ол өзгермейді, - деді  Ғабит Сыздықбеков.

2024 жылдың басында Шымкентте әкімнің жиналысы кезінде тұрғын үй басқармасының басшысын ұстап әкетті. Ұстау сәті түсірілген видеоны қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өзінің Instagram-дағы парақшасына жариялады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама