Өлімнен кейін өрт тіркелді
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Талғардағы жасөспірім өлімі мен марқұмның үйінің өртенуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Талғарда болған қайғылы оқиға жаға ұстатты. Жас жігітті өлтіріп, отбасының үйін өртеп жіберген жауыздық, хайуандық және әділетсіз қылмыс бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл оқиға тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бүкіл қоғамға сын. Шерзат Болаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл істі тергеуде барынша ашықтық пен әділдік қажет. Кінәлілердің барлығы заң алдында жауапқа тартылып, өз жазасын алуы тиіс. Полиция мен прокуратура ешкімнің жазадан құтылып кетпеуін қамтамасыз етуі керек. Бұл қылмыс құқық қорғау органдарында жүйелі реформаларды іске асыруға себеп болуы қажет. Бұл заңның талабы ғана емес, қоғам алдындағы парызымыз. Кінәлілерге қарсы зорлық-зомбылық таныту мәселені шешпейді. Қақтығысты ушықтырмай, өз наразылығымыз бен позициямызды білдіру кезінде заңды бұзбай, оңтайлы жолды қолданған жөн», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парағында.
Барлық мәселені заң аясында шешуге болады және біздің қоғамда кез келген мәселе солай шешілуі қажет. Бұл қайғылы оқиғаны қасақана түрде жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Сондықтан қазір арандатуға бой алдырмау, әділ жазаны қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесінде терең, жүйелі реформалар жасау үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды. Тексерілмеген ақпарат таратып, елді дүрліктірмейік. Барлық шешім тек заң шеңберінде қабылдануы тиіс. Құқық қорғау органдарының қажетті күштері толық жұмылдырылды. Бұл іс бас прокурордың бақылауына алынған, ал отбасы полиция қорғауында. Қазіргі уақытта қылмыскерлерді жазалап, құқықтық жүйенің барлық қаһарлы күшін көрсету маңызды, – деп түйіндеді депутат.
Талғарда адам қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі жанып кетті: отбасын полиция күзетеді. Бас прокуратура Талғарда өлтірілген жасөспірімнің үйін өртеу фактісін бақылауға алды. Алматы облысының әкімдігі Шерзат Болаттың отбасына қалай көмектесетінін айтты. Адам қолынан қаза болған жеткіншектің үйі қалай өртенді – ТЖМ мәлімдемесі.