Halyq Uni логотип
×

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлтты ұйыстырады – Исламбек Салжанов

Қазақстандықтар халықаралық додаға қызығушылық танытып отыр

 Динара Амантай 28.08.2024 | 15:22
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлтты ұйыстырады – Исламбек Салжанов
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары халықтың ынтымақтастық рухын көтереді. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты барысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Белгілі меценаттың айтуынша, мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға əрқашан шынайы ықылас танытып, айрықша қолдау көрсетеді.

Соның жарқын мысалы – биыл күзде Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпендіер ойындары. Дүбірлі додада 90-ға жуық мемлекеттің спортшылары бақ сынайды. Мұндай ауқымды аламанды əлемдік деңгейдегі Олимпиада ойындарымен де шендестіруге болады. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын елімізде өткізу туралы шешім қабылдаған сəтте президент тек халықаралық іс-шара ұйымдастыру үшін емес, ұлттық спортымызды кеңінен насихаттай отырып, ұлтты ұйыстыру идеясын негізге алды деп ойлаймын. Ұлттық спорт – халқымыздың ынтымақтастық рухын күшейтуге, бір мүдде жолында бірлігін нығайтуға септігін тигізетін бірегей құндылық. Бүгінгі ізгі мақсат жолында төгілген тердің жемісін болашақ ұрпақ көреді, – деді Исламбек Салжанов.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті қазақстандықтар халықаралық додаға аса қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Президент тапсырмасымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының эстафетасын Түркиядан Парламент Мəжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы, ұлттық спортымыздың жанашыры Ерлан Қошанов елімізге жеткізген еді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын ұйымдастырудан ұлттық спортымыз ұтпаса, ұтылмасы анық.

Біріншіден, біз көшпелілер өркениетінің бір бөлшегі екенімізді, біздің мақтан тұта алатын өз ерекшелігімізге сай ұлттық спортымыз бар екенін еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін хабардар еттік. Бұлай дейтініміз, жақында облыстарға арнайы журналистер жіберіп, сауалнама жүргіздік. Халық арасында елдің көшпелілер ойындары туралы ақпараттан хабары бар ма деген сұраққа жауап іздедік. Нəтижесі көңіл марқайтады. Халық құлағдар, қызығушылығы жоғары, тамашалауға ниетті.

Екіншіден, ұлттық спортпен айналысып жүрген спортшыларымыз үшін төл өнерді өрістету зор мəртебе, халық үшін маңызды саналатын ұлттың руханияты жаһандану дəуірінде де үнемі мемлекет басшысының назарында екенін айқындайды.

Үшіншіден, Астанада күрделі жөндеуден өткен «Қазанат» ипподромы мен спорт кешендері ұлттық спортымыздың тұрақты дамуына серпін берері сөзсіз. Енді елордада ұлттық спорттың қай түрінен болсын халықаралық стандартқа сай қандай сайысты да өткізуге қауқарымыз жетеді.

Төртіншіден, көшпелілер ойындарының нəтижесінде ата-аналар балаларын ұлттық спорт үйірмелеріне көптеп əкеле бастайды. Этноспорт додасының басты нəтижесі осы, – деді Исламбек Салжанов.

Айта кетсек, 8-13 қыркүйекте Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Халықаралық додада барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Бір апта бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысқан болатын. Сондай-ақ, мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама