Қайырымды адамның портреті. Қорлар жылына бір рет есеп беруі керек
Наталья Еськова қайырымдылық қорларының жұмысын реттейтін заңға өзгеріс енгізу қажет деп есептейді
Еліміздегі қайырымдылық қорларының жұмысын реттейтін заңға өзгеріс енгізу қажет. Сарапшы Наталья Еськова қайырымдылық қорларының жұмысына ашықтық жетіспейді деген пікір айтты, деп Halyq Uni.
«Аяла» қайырымдылық қорының коммуникациялар бойынша вице-президенті Наталья Еськованың айтуынша, 2020 жылы қазақстандықтардың қайырымдылық жасауы туралы зерттеу жүргізілген. Соның нәтижесінде қайырымдылық жасайтын адамның портреті жасалған.
«Қазақстандықтар көмектесуге қарсы емес. Алайда ол көмекті жеке түрде көрсетуді жөн санайды. Яғни мұқтаж адамды көрсе көмектеседі. Ақшалай немесе азық-түлік сатып әперуі мүмкін. Ал қайырымдылық қорларға қатысты түрлі пікір болды. Мәселен, оның ірі компаниялармен жұмыс істейтінін алға тартып, оның қажеттілігіне күмәнмен қарағандар кездесті. Шағын компаниялардың қайырымдылық қорлары не өзгерте алады деген де пікір болды. Алайда соңғы 5 жылда бұл пікір өзгерді деп айта аламын. Мысалы, біздің қайырымдылық жарналарының 30 пайызын қазақстандықтардың ерікті садақасы – краундфайтинг, яғни садақа жәшіктері, QR-код пен мобильді аударымдар арқылы жинақ құрап отыр. Біздің қорымызға қазақстандықтар көп сенім арта бастады. Осы кезеңде халықтан түскен қаржы 8 есе көбейді. Адамдар сенім артып, өздері аударып жатыр. Айта кетейін, біз әлеуметтік желілер мен сайтта қордың қаржысы туралы есеп беріп отырамыз. Ашықтық болғанда халықтың сенімі жоғары болады», - деді ол.
Сондай-ақ сарапшы қайырымдылық іс-шараларына көбіне жастардың белсенді қатысатынын атап өтті.
Қазақстандықтардың ішінде әйелдер көмекті зат күйінде беруге дайын, ол киім-кешек немесе азық-түлік болуы мүмкін. Ал еркектер көмекті ақшалай бергенді жөн санайды. Тағы бір аспект – бала күнінен отбасында қайырымдылықпен айналысқанды көріп өскен адамдар барады. Жастар қайырымдылық іс-шараларға қуана қатысатынын атап өту керек. Тағы да ескертейін, бұл зерттеуді пандемияға дейін жүргіздік. Қазір жүйе айтарлықтай өзгерді деп ойламаймын, - деп толықтырды сөзін.
Сонымен әлі күнге дейін елімізде қайырымдылықпен айналысатын ұйымдарға ашықтықтық жетіспейтінін атап өтті. Ол үшін қолданыстағы заңға өзгеріс керек.
«Қазақстандықтардан жиналған қаржының ашықтығын қамтамасыз ету үшін алдымен қорлардың жұмысына стандарт пен қайырымдылық қорлардың ашықтығы туралы заңды талаптар керек. Менің білуімше, қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінде қайырымдылық туралы заңды қайта қарап, өзгерістер енгізу бойынша жұмыс тобы құрылып жатыр. Соның ішінде ашықтық пен есептілік туралы да мәселе бар. Мемлекет өз деңгейінде ол жұмысты істеуі керек екенін түсінеді. 2021 жылы жұмыс тобының құрамында болғанда ірі қайырымдылық қорларының өкілдері бұл мәселені көтерген болатын. Нақты қандай қорлар жұмыс істей алады, оны қалай верификациялау керек деген мәселені қарайды. Қазір кез келген адам қор ашып, жұмысын істей алады. Ал мемлекеттік органдар заң болмаған соң оны тексеріп, ештеңе талап ете алмайды. Бір күндік қорлар ірі қайырымдылық қорларының репутациясына залал келтіреді. Өйткені халықтың қайырымдылық ұйымдарына деген сенімін азайтады», - деді ол.
Сарапшының айтуынша, «Аяла» қоры 2007 жылдан бері ресми сайтында ұйымның қаржылық есебін беріп отырады.
«Қазақстанда 24 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың жұмысына, атап айтқанда қаншалықты адал жұмыс істеп жатқанына баға бере алмаймын. Сол ұйымдардың 10 пайызы белсенді жұмыс істесе, оны жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Егер заңға өзгеріс енгізілетін болса, бірнеше мәселені ескеру қажет. Еліміздегі қорлар міндетті түрде қаржылық есебін беруі керек деп ойлаймын. Ай сайынғы есебін жариялау қиын болса, тым болмағанда жылына бір рет беруі керек. Мысалы, біз ай сайын болмаса да, тоқсан сайын есебімізді жариялап, оның қайда жұмсалатынын айтып отырамыз. Жыл соңында толық қаржылай есеп береміз. Бұл қайырымдылық қорлары үшін стандарт. Өйткені Батыста ашықтық пен есеп болмаса, ешкімге қайырымдылық қорын ашқызбайды. Меніңше, біз біртіндеп осыған келеміз», - деді Наталья Еськова.
Еске салайық, биыл елімізде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қайырымдылық көмекті мемлекеттік қорлар мен өңірлік қорлар жинап жатыр. Су басқан өңірлерге қазақстандықтардың ақшалай көмегін жинаумен айналысып жатқан ұйымдар және екі айда қанша қаржы жиналғаны туралы оқи аласыз.