×

Қазақстандықтар су тасқыны кезінде көмекке қанша қаржы аударды?

Бірнеше облыста қаржы өңірлік қорларға жиналған

 Айнұр Шошаева 10.06.2024 | 14:16
көрнекі фото: Halyq Uni

Елімізде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қайырымдылық көмекті мемлекеттік қорлар мен өңірлік қорлар жинап жатыр.

Су басқан өңірлерге қазақстандықтардың ақшалай көмегін жинаумен қандай ұйымдар айналысып жатыр және екі айда қанша қаржы жиналды?

Halyq Uni редакциясы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жиналған қаржылай көмектің сомасын білу үшін Қаржы министрлігіне ресми сауал жолдады. Министрліктің мәліметінше, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қайырымдылық көмек көрсету үшін өңірлерде қорлар жұмыс істейді. Атап айтқанда ол Ақмола облысындағы «Асар Ақмола», Ақтөбе облысындағы «Қамқор-Ақтөбе», Батыс Қазақстан облысында «Ақжайық», Қостанай облысында «Көмек.Kst», Абай облысында «Ақ Ертіс», Ұлытау облысында «Талап», Қарағанды облысында «Көмек-Қарағанды 2023» қорлары бар.

Сондай-ақ қазақстандықтардың қайырымдылық көмегін Павлодар облысында «Мейірімdi Qala, «Ертіс көмек», Шығыс Қазақстан облысында «Парыз», Солтүстік Қазақстан облысында «Qyzyljar Asar» мен Атырау облысында «Атырау» әлеуметтік даму қоры жинап жатқаны белгілі болды.

Өңірлік қорларға 8 508,0 млн теңге түсті, оның 1 970,8 млн теңгесі бөлінді, - делінген Қаржы министрлінің ресми сауалға берген жауабында.

Ведомство жиналған қаржының нақты сомасын да көрсеткен. Атап айтқанда Ақмола облысы – 1 193,4 млн теңге (оның ішінде 80 пәтер сатып алуға 809,0 млн теңге бөлінген), Ақтөбе облысы – 774,9 млн теңге, Атырау облысы – 331,0 млн теңге, БҚО – 80,8 млн теңге, Абай облысы – 30,0 млн теңге, Қостанай облысы – 247,5 млн теңге (оның ішінде мал өлімі бойынша залалды өтеуге, зардап шеккендерге төлемдер мен ТЖ жою бойынша басқа да шығыстарға 57,6 млн теңге бөлінген), Қарағанды облысы – 42,5 млн теңге (оның ішінде шаруашылықты реттеуге 12,9 млн теңге), Павлодар облысы – 156,9 млн теңге (оның ішінде 96,9 млн теңге үйлерді жөндеуге және қалпына келтіруге бөлінген).

Қайырымдылық көмек мониторингін облыстардың әкімдіктері жүзеге асырады, - деп қосты министрлікте.

Бұдан бөлек су басқан өңірлерге қаржылай көмекті өңірлік қорлармен бірге мемлекеттік қорлар да жинап жатыр. Мәселен, «Қазақстан халқына» қоры сәуірден бастап ұйымға түскен қаржыны су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұрғын үй салуға жұмсайтынын мәлімдеген болатын. 1 сәуір – 31 мамыр аралығында қазақстандықтардан, бизнес пен халықаралық серіктестердің ерікті нысаналы қайырымдылығынан 6, 487 млрд теңге жиналған. Осы қаржыға қор өз қаржысынан 10 млрд теңге қосып, еліміздің 6 өңірінде 649 тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, тағы бір мемлекеттік қор «Демеу Қазақстан» корпоративтік қоры да жылу жинаумен айналысып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында аталған қордың шотын жариялап, қазақстандықтарды ақшаны тек сенімді әрі тексерілген ұйымдарға аударуға шақырған еді. Әзірге аталған қорға қанша қаражат жиналғаны және қайда жұмсалғаны жайлы ресми ақпарат жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама