Halyq Uni логотип
×

«ҚТЖ қарызға батып жатқанда сіз үкімет басқардыңыз». Әлихан Смайылов депутаттың сұрағына жауап берді

Қазір ҚТЖ ұлттық компаниясының қаржылық жағдайы қиын

 Дәурен Ерболат 12.06.2024 | 12:17
«ҚТЖ қарызға батып жатқанда сіз үкімет басқардыңыз». Әлихан Смайылов депутаттың сұрағына жауап берді
Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қарызға батып жатқанда Үкімет неге үнсіз қалғанын сұрады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатасы төрағасының «Көлікті дамытуға және көлік саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы» есебі тыңдалды.

Палата отырысында депутат Ерлан Сайыров ҚТЖ ұлттық компаниясы жайлы мәселе көтерді.

«Құрметті Әлихан Асханұлы, сіз ҚТЖ қаржылық жағдайы өте мүшкіл екенін айттыңыз. Біріншіден, шындықты айту керек, бұл жағдай сіз премьер-министр болып тұрғанда ушығып кетті. Сондықтан сізге сыпайы сұрақ қояйын: сол кезде осы мәселемен неге айналыспадыңыздар?

Екіншіден, сіз ұсынған есептің 4-қосымшасында «қызмет бабында пайдалану үшін», яғни «құпия» деген мәртебе берілген. Бұл ірі (қаржылық) заңбұзушылықтарға анықталған бөлімдер. Бұл «Қазақстан темір жолына» қатысты. Неге осы мәліметтер құпия деректер қатарына жатқызылды?

Біз «Қазақстан темір жолына» қашан қоғамдық бақылаудың тетіктерін енгіземіз? Есептегі 9-қосымша бойынша құқық қорғау органдарына қанша материал берілді? Сіздер жауып қойған «жабулы қазанның ішінде» жемқорлықтың «көкесі» жатқан жоқ па?», - деді депутат,

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы мәселені Үкімет басшысы болғанда бақылауға алғанын, бірақ нәтиже болмағанын айтты.

Кезінде біз аталған мәселелерді бірнеше рет көтеріп, тиісті салалық министрлікке де, «Қазақстан темір жолы» компаниясына да тиісті тапсырмаларды беріп, жұмысты талап еттік. Бірақ қабылданып жатқан шаралар толық көлемде жүрмей, тиімсіз болып жатыр. Сондықтан бұл мәселені тағы көтеруге мәжбүрміз, - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатасы төрағасы есептегі құпия деректерге тоқталды.

«Енді аудиторлық іс-шараларды жүргізу барысында біз кейбір мәліметтерді уәкілетті органдардан сұрадық. Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитеті және Табиғи монополияларды реттеу комитетінен. ҚТЖ-ның өзінен кейбір мәліметтер тек «қызмет бабында пайдалану үшін» деген гриффен келді. Бұл мәліметтерге мұндай грифтің қойылуы салалық заңнамаға байланысты. Сондықтан біз пайдаланылған аудиторлық материалдарға осындай грифф қоюға мәжбүр болдық.

Негізі бұл мәліметтер құпия емес, бұл тек жариялауға шектеу қойылған мәлімет. Дегенмен бұл 4 қосымша есепке қосылып, сіздердің қарауыңызға жіберілді. Бүгінде құқық қорғау органдарына 5 материал жіберілді. Онымен қоса, әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша 117 материал уәкілетті органдарға жолданды», - деді ол.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ҚТЖ ұлттық компаниясының қаржылық жағдайы мүшкіл екенін айтты. Бүгінде ұлттық компанияның қарызы 3 трлн теңгеге жуықтаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама