×

ҚТЖ күнін әрең көріп отыр, дефолтқа ұшырауы мүмкін – Әлихан Смайылов

Ұлттық компанияның қарызы 3 трлн теңгеге жуықтаған

 Дәурен Ерболат 12.06.2024 | 11:45
көрнекі фото: railways.kz

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның бүгінде қаржылық жағдайы қиын компаниялардың қатарында екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Палата төрағасының айтуынша, соңғы 4 жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге бөлінген. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалған.

«Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шықты. Салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған.

2020-2023 жылдары магистральдық, стационарлық және кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін 4 мыңнан аста бұзу фактісі тіркелді. Тек 2023 жылы жолаушылар пойыздарының кешігуі 412 сағат болды немесе 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе өскен», - деді Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайыловтың дерегінше, қазір компанияның қаржылық жағдайы мәз емес.

Кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет иелігінен дұрыс ойластырылмай шығару салдарынан бүгінде күнін әрең көріп отыр. Табысы жоғары барлық қызмет меншік компанияларға берілген. ҚТЖ айналасындағы артық делдалдарға ыңғайлы жағдай жасалып, сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын 80 млрд астам теңгеге көтерген, - деді Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы.

Палата төрағасы нақты мысалдар келтірді.

«Мәселен 2018 жылдан бері жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желісіне қол жеткізу жөніндегі пилоттық жоба күткен нәтиже бермеді және ҚТЖ табысының айтарлықтай азаюына әкеліп соқты.

Жеке жүк тасымалдаушылар мұнай және мұнай өнімдері сияқты пайдасы көп тасымалдарды, сондай-ақ электрлендірілген учаскелерде пойыздың құрамын толық толтыратын маршруттарды иеленген.

Жеке жүк тасымалдаушылардың тарифтері жоғары. Жекелеген жағдайларда 32%, оның ішінде іс жүзінде жоқ шығындарды қосу есебінен асырылған. Бұл түпкілікті тұтынушы үшін тауар тасымалдау құнына айтарлықтай әсер етеді», - деді ол.

Әлихан Смайылов мұнда тарифтерді реттеу жөніндегі уәкілетті органның позициясы әлсіз деген ұстанымда.

«Тарифтеу тәсілдері әділ болуға тиіс. Сондай-ақ жеке теміржол тасымалдаушыларының одан әрі жұмыс істеу орындылығын қайта қарастыру қажет.

2020-2023 жылдары ҚТЖ жүк айналымының 73%-ы өзіндік құнынан төмен тарифтермен тасымалданған. 

Реттелетін тарифтер бойынша шығындар – 907 млрд теңге. Оның жартысынан астамы – экспорт. Бұл ретте экспортқа арналған реттелетін тарифтердің деңгейі республика ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тасымалдау тарифтерінен төмен.

ҚТЖ-ның барлық шығыны негізінен транзиттік табыс есебінен жабылады. Бұл экономикалық жағынан қисынсыз. Бірде-бір кәсіпкер өз қызметін қайырымдылық принципі бойынша жүзеге асыруға мүдделі емес. Бұл – банкроттыққа апаратын төте жол», - деді Смайылов.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ҚТЖ-ның қазіргі жағдайы мүшкіл екенін атап өтті.

«Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңге болды және ол әлі де өсіп жатыр.

Жалпы борыштың 45%-ы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған.

Қаржылық және техникалық жай-күйді сауықтырудың нақты мерзімдерін айқындап, ҚТЖ компаниялар тобының шығындарын оңтайландыру қажет. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қазіргі корпоративтік басқару әдістері мен даму стратегиясы еліміздің Ұлттық теміржол компаниясының дағдарысын болдырмауға қабілетсіз.

Активтердің жай-күйінің нашарлауы, борыштардың өсуі және оларды уақытылы қайтару мүмкіндігінің болмауы басқарудағы түбегейлі өзгерістерсіз ҚТЖ-ны дефолтқа ұшыратады», - деп сөзін түйіндеді төраға.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама