Саяси коммуникациялар сарапшысы Қазақстанда репутация институттары жақсы дамымағанын айтады
Қазақстандағы бизнестің қазақ тілін дамытуын қоғамның өзі реттеуі керек. Еліміздің ірі компанияларында болған қазақ тіліне қатысты дауға қатысты сарапшы осындай пікір айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Соңғы жылдары қазақ тілі адам мен қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен пайдаланыла бастады. Бизнес бұл трендті іліп әкетіп, сервистерін қазақ тіліне ауыстырып жатыр. Алайда бәрі бірдей емес, себебі еліміздегі ірі компанияларда қазақ тіліне қатысты түрлі дау әлі жалғасып жатыр.
Бизнеске қатысты қоғам қызу талқылаған тіл дауының бірі Air Astana компаниясымен байланысты. 2017 жылы Air Astana ұшағында Оғыз Доған есімді жолаушы аға стюардесса өзіне қазақ тілінде жауап беруден бас тартқаны үшін орындығындағы жиналмалы үстелді бекітуден бас тартты. Әуекомпания өкілдері мен Доғанның қасында отырған жолаушылар үстелдерді көтеру туралы өтінішті кеме командирі үш тілде, соның ішінде қазақ тілінде сөйлегенін, ал басқа стюардесса келіп, өтінішті қазақ тілінде қайталағанын айтқан. Бұл даудың соңы қауіпсіздік техникасын бұзғаны үшін Оғыз Доғанға 6 800 теңге айыппұл салумен аяқталды.
Қазақстандықтардың ашуын тудырған тағы бір оқиға Chocolife.me компаниясына қатысты. 2022 жылдың қазанында аталған компанияның негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов Ресейден келген мамандармен кездесуде егер ресейлік адам орыс тілінде сұрап, оған жауап қазақ тілінде берілсе, бұл «ұлтшылдықтың көрінісі» және «мәдениеттіліктің көрінісі емес» деді.
Оның бұл сөзі әлеуметтік желіде таралып, қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Нәтижесінде Chocofamily қосымшаларының рейтингі күрт төмендеді, компания қазақ тілінің жоқтығы үшін қатты сынға ұшырады. Сондай-ақ Рамиль Мухоряповтың өзіне қатысты ұлтаралық алауыздықты қоздыру туралы қылмыстық іс қозғалды. Алайда, көп ұзамай қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ол іс тоқтатылды. Осы оқиғадан кейін ChocoFamily сервистері қазақ тіліне аударылып, компанияның әлеуметтік желідегі жазбалары қазақша жариялана бастады.
Сондай-ақ былтыр «Пинта» барында қазақ тіліндегі ән қоюға тыйым салынғаны белгілі болды. Әлеуметтік желілерде ұйым қызметкерлерінің хаттары мен мейрамхана әкімшілігінің қонақтардың наразылығына жауабының скриншоты таралды. Қоғамдық резонанстан кейін «Пинта» әкімшілігі қонақтармен де, қызметкерлермен ішкі және сыртқы байланыс орыс және қазақ тілдерінде жүргізілетінін, сондай-ақ, мейрамхана желілерінде өнер көрсететін музыканттар танымал тректерді, соның ішінде қазақ тректерін үнемі орындайтынын айтып ақталды. Бұл жағдайдан кейін мейрамханада қазақ тіліндегі әндер қойыла бастады.
Қазақстан қоғамында резонанс тудырған тілге қатысты соңғы жағдай мамыр айының басында болды. Атап айтсақ, ForteBank бос жұмыс орны туралы хабарландыру мәтініндегі «қызметкерге қазақ тілін білу маңызды емес» деген сөз көпшіліктің наразылығын тудырды. Әлеуметтік желіде қызу талқылана бастаған кезде банк оны жасанды интеллектен кеткен қателік екенін айтып ақталды.
«Біздің тарапымыздан сондай қателік кетті. Оны мойындаймыз. ...Біз 1600 хабарландыруды адам күшімен емес, роботизация көмегімен жасаймыз деп шешкенбіз. Ал оған керек мәліметтерді қызметкерлер дайындайды. Хабарландыру беруді IT мамандары дайындап салған. АйТи – бағдарламалаушылар. Олар қазақ тілі керек емес деп жазып жіберген. Ал роботизация қандай мәлімет бар, сонымен вакансиялар платформасына салған. Яғни, адами фактор екенін мойындаймыз. Өзіміздің ішкі процестерімізге өзгеріс енгіздік. Қатемізді түзеттік», - деді банктің басқарма төрағасы Бекжан Пірматов Ulysmedia.kz сайтына берген сұхбатында.
«БИЗНЕС ТҰТЫНУШЫЛАРЫНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІН ЗЕРТТЕМЕЙДІ»
Саяси коммуникациялар сарапшысы Айгүл Ешмағамбетованың пікірінше, Қазақстанда репутация институттары жақсы дамымаған, сондықтан ол дұрыс жұмыс істемейді.
- Репутация институттары дамыған жағдайда ол компаниялардың репутациясына зақым келсе, олардың қаржылай пайдасына да залал келетін еді. Өйткені бізде репутация инстиуты батыс елдеріндегідей толық жұмыс істемейді. Батыс елдерінде бір компанияның репутациясына нұсқан келсе, іле-шала биржада ол компанияның акцияларының құны төмендейді, халық оның тауарын сатып алмай, наразылық білдіреді. Бізде репутация институты енді қалыптасып келе жатыр деуге болады. Еліміздің ірі компанияларында тіл дауы неге шығады? Өйткені ірі бизнес пен орта бизнес заманауи ағымнан сәл қалып қойғандай. Олардың басшылары Қазақстандағы қазақтілді халық саны бұрынғыдай аз деп ойлайды. Өз тұтынушыларына қатысты әлеуметтік, маркетинг тұрғысында зерттеу жүргізбейді. Яғни Қазақстандағы ірі компаниялардың тұтынушылары кім, қай тілде сөйлейді, менталитеті қандай деген сұраққа сол компаниялардың басшыларының өзі жауап бере алмайды, - деді сарапшы.
Қазақстанда тәуелсіздік жылдары халық саны 16 миллионнан 20 миллионға дейін жетті. Сарапшы осы аралықта қосылған 4 млн адамның шамамен 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтінін, алайда бизнес бұл деректі есепке алмай отырғанын айтады.
- Бизнес менеджменті қазақ тілін қолдану және қазақ тілінің маңызына салғырт қарағаны үшін түрлі дау қалып жатыр. Әрине ол компаниялардың қоғаммен байланыс бөлімдері қоғаммен тіл табысу, кикілжіңді азайту үшін қолдан келген барлық іс-шараларды жасады. Бірақ қоғамның санасында «бұл компаниялар қазақ тілін қажет етпейді» деген репутациясына нұсқан келтіретін ақпарат қалып қойды. Соңғы ForteBank-ке қатысты болған дауда әлеуметтік желі қолданушыларының «сол банктегі есепшотын жабамыз» деп жазғандарын көрдім. Сол азаматтар банктегі шоттарын жауып, қаржысын әкететін болса, репутациялық дағдарыс компанияның пайдасына нұқсан келтірді деген сөз, - деді сарапшы.
Оған қоса, сарапшы бизнес секторының мемлекеттік тілді дамытуын қоғамның өзі реттеуі керек екенін атап өтті.
- Мемлекет қазақ тілінің аясын тек пропраганда, мемлекеттік идеология мен мемлекеттік институттар арқылы кеңейте алады. Мәселен, ол қазақ тілін оқытатын курстарды ашу, кітап басып, тарату болуы мүмкін. Бірақ бұл оқиғаларға заң жағынан қарау керек. Егер заң тұрғысында қандай да бір жауапкершілікке тартылатындай құқықбұзушылық болмаса, оған мемлекет араласа алмайды. Кеңес дәуірінде өмір сүріп жатқан жоқпыз, ол кезде мемлекет қоғамның, отбасында болып жатқан іске дейін араласатын. Қазір демократиялық жолға бет бұрғандықтан, мемлекет мұндай оқиғаларға тек заң аясынан қарай алады. Ал қалғанын қоғам өзі реттеуі қажет. Қоғамның сана-сезімі, азаматтылық белсенділер өздері реттеп отыруы керек. Кейде тіл мәселесін саясиландырып жібереді, ұлтаралық араздық тудыруға дейін апарады. Тіл мәселесін жамылып алып, халық арасында іріткі салу дұрыс емес. Мемлекет бизнесті мәжбүрлей алмайды, тек заң аясындағы міндеттерін орындауын талап ете алады. Алайда бизнес елімізде тіл туралы заң барын ұмытпауы керек, - деді Айгүл Ешмағамбетова.
«ӘРБІР МЕКЕМЕДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЖАУАПТЫ МАМАН БОЛУЫ КЕРЕК»
Аудармашы Асқар Базарбай әрбір мекемеде қазақ тіліне жауапты мықты маман болуы керек деп есептейді. Сондай-ақ қазақ тілін дамытуы үшін бизнесті қалай ынталандыру қажет екенін айтты.
- Бизнес қазір аудармашыларды орысша-ағылшынша білгені жақсы, қазақшасы болса тіпті жақсы деп таңдап жатыр. Тіпті жақсы емес, ол басты талап болуы керек. Бірінші тілі – қазақ тілі, қазақ мектебінде оқыған, қазақша сөйлеу құрылымын түсінетін ең болмағанда бір маман отыруы керек. Бұл жерде редакторларға сөз беріп, олардың мәртебесін көтеру керек. Бізде өкінішке қарай редактураның жоқтығы қатты сезіледі. Аудармашыдан шикілей шыққан жазулар көпшіліктің қолданысына кетіп жатады. Ал банктердегі аударманы ретке келтіру үшін кез келген аударманы белгілі бір мекемеге жүгіну арқылы шығару жолымен шешуге болады. Бірақ ол тым қатал әрі советтік талап болып кетеді. Немесе әрбір мекемеде қазақ тіліне жауапты маман болуы керек деген талап қоюға болады. Жай ғана қазақ тілін білетін емес, филолог болуы керек. Сол кезде ғана өзгеріс болатынына сенемін. Өйткені көріп жүрген «қазақ тілін білемін» деп жүрген аудармашылардың көбінде филологиялық база нашар. Оларды түсінуге болады, студент кезінде «қазақ тілін онсыз да білемін ғой» деп бар назарын ағылшын, орыс немесе басқа тілге аударады. Шет тілінде акцентпен сөйлесе де, академиялық тұрғыдағы білімі қазақ тілінен басым болып кетеді. Себебі ол қазақша кітап оқымайды, ақпарат тұтынбайды, тек тұрмыстық деңгейде қалады. Резюмені оқығанда «қазақ тілі – ана тілі, орыс және ағылшын тілін жетік меңгерген» деп тұрады. Ол адамды қазақ тіліне жауапты маман етіп жұмысқа алғанда, оның академиялық білімі білім емес. Кейін түрлі жағдайлар басталады, - деді ол.
Сарапшы банк және басқа да бизнестің қазақ тіліндегі қате аударма мен жазуын түзеу үшін талап күшеюі керегін атап өтті.
- Банктердің қате жазуын түзеу үшін талап керек. Бірақ талаптардың жүзеге асу жолдары болады: бірі дұрыс, бірі қате. Қате жолы - науқаншылыққа салу. Мәселен, «осы күннен бастап бәріңіз сөйтіңіздер» дейді. Әлбетте, асығыс жасалған дүниенің соңы қате болады. Бүгінде сапа мәселесі көтеріліп жатқаны сол. 90-жылдардан бері қарай науқаншылық көп болды. Оны эволюциялық жолға қою керек еді. Бірден бәрі қазақша сөйлеп кетпейді. Өмірге реали көзбен қарау керек. Бәріміз де қазақ тілін жақсы көреміз, оның дамып, қолдану аясының кеңейгенін қалаймыз. Бірақ қазіргі жағдай қалай, соны анықтап, біліп алу керек. Содан кейін әрі қарай ілгерілету үшін не істей адамыз деген түсінікпен жасау керек, - деді Асқар Базарбай.
Halyq Uni тілшісі ForteBank дауынан кейін бірқатар депутаттың пікірін сұрап, «қазақ тілін білу міндетті емес» деген хабарлама таратқан банктің әрекеті ойын білген еді.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мұндай даулардың шешімі «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау деп есептейтінін айтты.
Одан бөлек, ForteBank әрекетін сынға алып, хабарландыру мәтініндегі талап банк жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және оның жасанды интеллектке тікелей әсер еткенін атап өтті.
Депутат Аманжол Әлтай Қазақстанның қанатының астында жұмыс істеп жатқан барлық мекемеде қазақ тілін білу міндетті болуы керектігін айтты.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жұмысқа алғанда ешкімді тіліне, дініне, әлеуметтік статусына, ұлтына қарап алалауға болмайтынын айтып, қоғам тарапынан мемлекеттік тілге қатысты айтылған сынды орынды деп есептейтінін жеткізді.